Мәжіліске партиялық тізіммен ұсынылғандардың арасында 29-ға толмаған 19 үміткер бар
Таяқ жерге тасталды, үгіт-насихат басталды. Осыдан тура үш сағат бұрын, дәлірек айтсақ, 18:00-де Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының үгіт-насихат науқаны ашық деп жарияланды. Осылайша, тіркеліп алып, тыпыршып отырған партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттар үшін үгіті мен үміті аралас бір айлық аламан басталды. Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясы 7 саяси партияны тіркеген. Одан бөлек өзін-өзі ұсынған кандидаттар да куәліктерін қолына алып, қуанып қалған.
Сөйтіп Ұлыс күнінің қарсаңында тағы бір таңдау жасаймыз. Жалпы қалай десек те, бұл саяси науқаннан бір жылымық сезіледі. Отандық саясаттанушылар да бұл сайлаудың бұрынғылардан өзгешелігін айтып отыр. Соның бірі — қатарға жаңадан екі бірдей партияның келіп қосылуы. Соңғы он жылда үш партиялы форматқа көз бен құлақтың әбден үйренгені соншалық, жетеудің жарысын бақылау да, талқылау да әуелде таңсық көрінген. Дегенмен көп тосырқаған жоқпыз. Тіпті қызды-қыздымен қатарға қосылып кеткендер де көп. Ел ішінде «Біздің аулада депутаттыққа үмітті емес екі адам ғана қалды. Бірі — мен, екіншісі — аула сыпырушы» деген езутартар пікірлер де тарап жатыр. Қалай дегенмен біз жиі айтып жүрген «саяси плюрализмнің» нышаны байқалатын секілді...
Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі — партиялардың Парламентке өту межесі 7-ден 5% төмендеді. Бұдан сүрінбей өтуге әр партияның мүмкіндігі бар деп санайды, тағы сол саясаттанушылар. Мажоритарлық жүйеге де қайта оралдық: әзірге бар-жоғы 29 орын. Бірақ мұның өзі үлкен өзгеріс, мұның өзі мүмкіндік деп жатыр.
Сөйтіп 19 наурыздағы сайлау кім мықтының есімін анықтайды. Депутат болудан дәме көп, демек уәде де аз болмайтын сыңайлы. Тек, «есегі судан өткен соң» дейтін ескі тәмсілді кейін еске түсіріп отырмасақ болғаны.
Біздің Парламент енді пропорционалды-мажоритарлық жүйемен жасақталады. Осылайша мәжілістің 70% мандатына 7 партиядан тіркелген 281 кандидат үмітті. Алда «Аманат» — 90 үміткер, «Ауыл» — 25, Respublica партиясынан 23 кандидат тіркелді. «Қазақстан Халық партиясының» 52, «Байтақтың» 18 мүшесі бақ сынайды. «Ақжолдан» 54, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан» 19 кандидат ұсынылған. Партиялар арасында жеребе тартылып, сайлау бюлетеніне осы аталған ретпен жазылды.
Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Барлық саяси партиялардың тізімдері қаралып бітті. Бекіту процесі аяқталды. Республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың, Астананың мәслихаттарына партиялар ұсынған тізімдер тіркелді.
Депутат болудан дәмелілер көп. Ұзын ырғасы 14 мың 207 үміткер саяси науқанға түспек, соның 892-сі Парламенттің төменгі палатасына талпынып отыр.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
-Бір ғана округтен 63-69 адамның сайлауға түсуі елімізде талай дарынды саясаткерлердің, талай дарынды экономисттердің, жай ғана белсенді азаматтардың елге деген пікірлерінің бар екенінің көрсеткіші. Егер статистикалық кандидаттарды ұсынған тізімдерді қарастырсақ, партиялық тізімдерден гөрі өзін жеке ұсынғандар тізімі көп. Бұл дегеніміз не? Бұл дегеніміз демократияның мүмкіндіктері кең болуы керек, тек саяси партиялар емес.
Мәжіліске партиялық тізіммен ұсынылғандардың 38% әйелдер, жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Кандидаттардың орташа жасы 45-те. 29-ға толмаған 19 үміткер, 80 әйел бар. 12 ұлттың өкілі бар. Байқаушылар мен шетелдік ұйымдар да бұл сайлауды жіті бақыламақ.
Мұхтар Ерман, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:
-Халықаралық байқау институты ашылғаннан бері, 9 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан, жалпы 79 байқаушы тіркеуден өтті. Қазіргі таңда Сыртқы Істер министрлігі 2 шет мемлекет пен 1 халықаралық ұйымнан 4 байқаушы тіркеуден өткізу ұсынылған болатын.
Мәслихаттарды да сапалық өзгеріс күтіп тұр. Республикадағы 233 мәслихатта 3415 депутаттық мандат бар. Оның 668-і облыстық деңгейдегі депутаттар. Тең жартысы партиялық тізіммен сайланады.
Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-18 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша 18.00-ден бастап, Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға кандидаттар үгітке кірісе алады. Бұл электораттық кезеңнің қызықты әрі маңызды бөлігі. Кандидаттардың БАҚ-қа қол жеткізуіне тең мүмкіндік беріледі. Сайлау органдары ашық әрі бәсекелестікті қамтамасыз етуге барлық жағдай жасайды.
Сонымен үгіт басталды, насихат қызады. Төрт апта ішінде безендендірілген материалдарды, сондай-ақ сайлау науқанына арнайы әзірленген омырауға тағатын белгiлердi, жалаулар тегін таратылады. Алайда тегін тауар мен қызметтерді ұсынуға болмайды. Кандидаттар мен саяси партиялар үгіт жұмыстарына өз қаржыларын жұмсайды.
Авторы: Ауғанбек Манарбекұлы