Өзбекстанда ашылған сайлау учаскесі дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. LIVE
Елшілікте наурыз дастарханы жайылып, ән-күйден шашу шашылды. Ондағы кей отандастар тіпті шипажайлардан жиналып, дауыс берген. Бұл жайында бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім Рауан Мыңбаев айтып беруге дайын.
Рауан Мыңбаев, тілші:
-Ташкенттегі дауыс беру науқаны таң сәріден қызу. Өзбекстанда консулдық тізімде 1300-дей отандасымыз тұр. Оның ішінде кәмелет жасына толмаған балалар да бар. Сондықтан сайлауда шамамен 450-ге тарта қазақстандық дауыс беруге тиіс.
Никита Дёмин, халықаралық байқаушы:
-Халықаралық стандарттар сақталып жатыр. Қазақстандағы осымен үшінші саяси науқанға байқаушы ретінде қатысудамын. Таңғы сағат 10-нан бері осы жердемін. Заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.
Рауан Мыңбаев, тілші:
-Елшілік қызметкерлері және белсенді отандастар дауыс беріп болған соң, бір-бірін Әз-Наурызбен құттықтап жатыр. Ташкенттен бөлек, өзге өңірден де ат арылтып жеткендер бар. Ал сауықтыру орнында ем алып жүргендерге арнайы трансфер ұйымдастырылды.
Ерден Бектібаев, дауыс беруші:
-Әркім өз даусын беру керек. Әр қайсысы есептеулі. Сайлау жақсы өтсін. Әр партияның сайлауалды бағдарламасы бар. Өзімізге ұнағанына бердік. Алдымыздағы болашағымыз ғой.
Рауан Мыңбаев, тілші:
Өзбекстандағы 267-ші сайлау учаскесінің есігі кешкі сағат 8-ге дейін ашық болады. Мұнда келушілер тек дауыс беріп қана қоймай, наурыз дастарханынан дәм татады. Ташкенттегі бірқатар отандасымыз бен қандасымыз бірігіп, осындай игі іске ұйытқы болды.