Президент Мұнайлыдағы тұщы су тапшылығын шешуді тапсырды
Мемлекет басшысы Үкімет пен Маңғыстау облысы әкімдігіне өңірдегі ауызсу тапшылығын қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Аймақтағы су тұщытатын кәсіпорындар сұранысты жабуға күші жетпейді. Қазір Маңғыстауда ауызсудың тәуліктік тапшылығы 77 200 текше метрге жеткен. Ақтауға «МАЭК» энергокомбинаты теңіз суын тұщытып берсе, Мұнайлы ауданына таза су «Каспий» тұщыту зауытынан құбыр арқылы келеді. Кәсіпорын күніне 23 мың текше метр су шығарады. Қазір онда сорғы қондырғысы істен шығып, жөндеу жүріп жатыр. Осыған байланысты су беру мөлшері тәулігіне 10 мың текше метрге дейін азайған. Зауыт қуатын биыл 40 мың текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 млрд теңге бөлінді.
Нұрлыбай Аққұлов, зауыт директоры:
- Зауыттың қуаты тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізіліп, ол Мұнайлы, Қарақия және Түпқараған аудандарының елді мекендеріне қосымша жіберілетін болады. Қыркүйек айының аяғына дейін барлық жұмыстарды бітіру жоспарымызда бар. Қазан айында біз зауытымызды іске қосамыз деп отырмыз. Қазір оған барлық жұмыстары дайын, зауытты модернизациялауды толық аяқтап, іске қосу үшін.