Астанада мемлекеттік комиссия отырысы өтті
Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында және Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апаттарға қатысты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі анықталып жатыр. Үкіметте осы мәселелерге қатысты құрылған мемлекеттік комиссия отырысы өтіп, Премьер-министр мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының әбден тозығы жеткен. Өңірде электр жүйелерін жөндеу дұрыс жоспарланбаған. Атырау және Маңғыстау облысындағы станциялардың жағдайы мәз емес. Бұл 3 шілде күні аймақ жарықсыз қалғаннан кейін құрылған мемлекеттік комиссияның шешімі. Себебімен емес, салдарымен күресетін жауаптылар енді 2028 жылға дейін Қазақстанның батысында орналасқан 3 облыста электр энергия тапшылығы мәселесін толықтай шешеміз деп ант-су ішіп отыр.