Сенат екі заңды мақұлдады
Қорғаныс саласында қолданылатын жаңа қару-жарақ үлгісін шығару, оны ғылыми зерттеу және тәжірибеден өткізу. Сенат осы жұмыстарды үйлестіретін заң жобасын мақұлдады. Құжатта қорғаныс құралдарына тапсырыс беру, жергілікті үлесті арттыру тетіктері қамтылған. Сондай-ақ «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтаратын заң да мақұлданды. Бұл атақ әдебиет әлеміндегі ең ірі сыйлық болмақ. «Қазақстан Халық жазушысы» атағы 1984 жылдан бастап беріліп, 1994 жылы тоқтатылған. Сол аралықта бұл атақты Мұхтар Шаханов, Мұхтар Мағауин сынды 39 қаламгер алыпты. Президент Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында оны қайтару туралы тапсырма берген. Бүгін ол заң жүзінде нақтыланды.
Арман Жүдебаев, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрінің орынбасары:
- Бұл атаққа ие болу үшін алдымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері немесе әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы болуы керек. Егер ол кісілер Мәдениет және Ақпарат министрлігінің тиісті мемлекеттік мекемелерінде жұмыс жасайтын болса онда тиісті өзінің үстемақысын алады. Ол үстемақы 17 954 теңге.