Сенат төрағасы Еурокомиссияның вице-президентімен кездесті
Еліміз адам құқықтарын қорғауға толықтай бейілді және осы бағыттағы реформаларды белсенді түрде жүргізіп келеді. Былтыр 8 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев, адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы жаңартылған іс-шаралар жоспарын бекітті. Ол гендерлік теңдіктен бастап, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға дейінгі бастамаларды қамтиды.
«Бұл біздің адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды үнемі жетілдіруге және сақтауға деген ұмтылысымызды көрсетеді»,- деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропалық комиссияның вице-президентімен кездесу барысында. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. Өз кезегінде Маргаритис Схинас Қазақстанның реформаларды іске асыру бағытының тиімділігін атап өтіп, жан-жақты қатынасты әрі қарай нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель тараптар арасындағы ынтымақтастықтың серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Біздің депутаттар «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің жұмысына белсенді қатысып келеді. Қазақстан Парламентінің Сенаты еуропалық әріптестерімізбен парламентаралық байланыстарды одан әрі жандандыруға, ортақ мүддені көздейтін мәселелер бойынша тұрақты, мазмұнды диалогты әрі қарай жалғастыруға дайын.
Ал мәртебелі мейманды қабылдаған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Еуропаның инвестициялық қоғамдастығын бірлескен жобаларға кеңінен қатысуға шақырды. Тараптар тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, визалық режимді жеңілдету, өнеркәсіп кооперациясын ұлғайту және басқа да бірқатар мәселені қарастырды.
Премьер-Министр атап өткендей, Еуропалық Одақ – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Одақ үлесіне сыртқы сауданың шамамен 30% және тартылған инвестициялардың 40% тиесілі.