Елордада Президент формуласын жас буынға дәріптеу мәселесі талқыланды
«Адал еңбек – Адал азамат – Адал табыс». Мемлекет басшысының биылғы Құрылтайда айтқан міндеттерінің негізгі көкжиегі, осы құндылықтарға құрылуы тиіс. Бүгін елордада мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, еңбек озаттары мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, аталған Президент формуласын жас буынға дәріптеу мәселелерін талқылады.
Достық үйінде алқалы жиын. Еліміздің өсіп өркендеуінде түрлі салаларда оза шауып, адал еңбектің арқасында ғана ел алдында абырой биігіне шыққан аға буын өкілдері ой орамдары, өмір тәжірибелерімен бөлісе отырып, азаматтық ұстаным, адал еңбек және отбасы құндылықтарының сабақтастығын сақтауға үлес қоспаққа жиналды.
Мұхтар Еркетаев, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры:
-2,5 жылдың ішінде 11 мыңнан астам егде азаматтар мен азаматшалар келіп жүр. Бүгін ой-пікір қалай? Адал азамат болу үшін не істеу керек? Біз өзіміз соған сәйкеспіз бе? Біз бүгін жастарға үлгі бере аламыз ба, бола аламыз ба? Осы мәселені талқылау.
Бұл талқылауға Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қойған міндеттер арқау болып отыр. Оның басты мәні қоғамдық сана, дәстүр мен рухани құндылықтар саяси-экономикалық реформалардың көлеңкесінде қалып қоймауы тиіс дегенге саяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жас көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз.
Ардагер генерал Өмірзақ Болсамбеков жас ұрпаққа өнеге болу күнделікті жұмыстағы дәстүрге айналғанын айтады.
Өмірзақ Болсамбеков, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы:
-Қоғамдық бірлестікте 45 филиал бар. Бұлардың есебінде 80 мыңнан астам ардагерлер бар. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дейді. Біздің болашақ, келешек жастарымыз елінің адал азаматы болып, тапсырған жұмысты, мысалы, бізде ант қабылдайды, сол антқа берік болып, тапсырылған қызметін ойдағыдай атқаруы керек.
Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін мүлтіксіз орындаған Арман Сәрсенбаев ерлігі үшін төсбелгісімен марапатталған.
Арман Сәрсенбаев, шұғыл әрекет жасағы рота командирінің орынбасары:
-Адал еңбек етіп, қылмыспен күресіп, қоғам қауіпсіздігін сақтап, сол еңбегіміз бағаланып, сол себептен алған болатынмын. Жас буындағы қызметкерлерге өзіміздің Ішкі істер министрлінінің және Қазақстан азаматтарының жастарына айтарым, адал түрде еңбек етсеңіз, жеріңіз үшін, еліңіз үшін еңбек етсеңіз, еңбегіңіз бағаланатынын сенімді түрде айта аламын.
Зұлпыхар Ғайыпов, Астана қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
-Философияда, саясаттануда кеңістік және уақыт деген бар. Уақыт жаңағы біз айтып отырған күнде өзгеріп дамып отырады. Ал кеңістік ол бірқалыпты. Кейде болады, бір мына қоғам трансформацияға ұшырайды. Адал еңбек – Адал азамат – Адал табыс. Бұл қай формацияға көшсек те, қандай изюмге көшсек те ескірмейтін құндылықтар. Әл Фараби бабамыз айтады: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы». Көрдіңіз бе, бір-ақ ауыз сөз.
Адал азамат құндылығының өзегі де осы. Білімді жас ұрпаққа ел ісінде де, ел ішінде де көрген білгені бар аға буынның көмегі осы жерде керек. Жиналғандар өз ұсыныстарын ортаға салып, атқарушы, заң шығарушы органдармен және әлбетте қоғаммен тізе қосып жұмыс істеуге уағдаласып тарасты.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айбек Ақшолақов