Euronews Қазақстан Президентінің сұхбатын жариялады
Euronews телеарнасы Қазақстан Президентінің сұхбатын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада халықаралық геосаяси тұрақсыздық пен қақтығыстар және климат проблемаларын реттеу үшін көпжақты шешімдердің қажеттілігі туралы пікірін ортаға салған. Мемлекет басшысының ойынша, Қазақстан сияқты орта держава санатындағы елдер жаһандық аренада жай көрермен болып қана қоймай, жауапты менеджерлер қызметін атқаруы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстан секілді елдер жауапты менеджерлер ретінде өз орнын бекітуі керек. Үздіксіз жанжал болып жатқан қазіргі заманда көпжақты шешімдердің қажеттілігі өте өзекті болып тұр. Еуропадағы, Таяу Шығыс пен Африкадағы соғыс жүздеген мың адамның қазасына себеп болды. Ал климаттың өзгеруінен миллиондаған адам ашаршылықтан бас сауғалауға мәжбүр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл мәселелерді шешуді көздейтін сценарийлер бірін бірі қайталанғандықтан, жиі тығырыққа тіреледі. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің вето салу құқығы жаһандық дағдарыстарға қарсы батыл әрекеттерге кедергі келтіруде. Бұл халықаралық институттарға деген сенімге селкеу түсіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Алып державаларға қарағанда кейбір халықарлық мәселелерді шешуге біз икемдіміз. Қазақстан секілді орта державалардың экономикалық қуаты, әскери әлеуеті бар. Бұдан да маңыздысы, азық-түлік, энергетикалық қауіпсіздік және ақпараттық технологиялар секілді алуан түрлі мәселені шешуге ниетті. Қиын жағдайларға бейімделіп, ымыра мен татуласуға жол аша аламыз.