Президент Отардағы сарбаздың комаға түсіп қалуына кінәлілерді жазалауды талап етті
Мемлекет басшысы Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде сарбаздың комаға түскенінен хабардар. Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді қатардағы жауынгердің анасы әлеуметтік желілерде жариялаған үндеумен танысқанын, президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Ол Мемлекет басшысы оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін, Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырғанын жеткізді.
Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
- 2024 жылы 9 маусымда Жамбыл облысы, Қордай аудандық орталық ауруханасына + әскери қызметші шұғыл түрде жатқызылды. Бастапқыда өзін әлсіз сезініп дене қызуы көтерілген сарбаз «Гвардеец» әскери бөлімінің госпиталіне жатқызылған болатын. Медициналық тексерістер мен зерттеуле нәтижесінде сарбазда полисегментті пневмания барын анықтады. Қазіргі жағдайда сарбаздың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Емдеу мекемесіне түскен кезде сарбаздың денесінен зақымданған немесе көгерген белгілер табылған жоқ екенін атап өту керек.
Еске сала кетсек, 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери борышын өтеп жүрген. Мамыр айында ғана Қостанайдан әскерге аттанған Нұржігіт Әбділпатта әлі әскери ант қабылдап та үлгерген жоқ. Жанна Жаналина сарбазға әлімжеттік жасалды, сержанттан соққы жеді деп естігенін алға тартып, әділдікті талап етуде. Ол, жауаптылар болған жайды әуелде жасырып шара қолданбады, ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмейді,- деп жазған еді. Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі атап өткендей оқиғаға байланысты келісім шартпен істейтін әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс-қозғалып, тексеріс басталды.