Хабар телеарнасы

Астана әлемдегі БАҚ өкілдерінің басты жаңалық алаңына айналды

Ақпарат агенттіктері Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі, міндеттері мен мақсаттары туралы сараптамалық пікірлерді жариялап жатыр. Шетелдік баспасөздің біразын шолып шықсақ.

Самитке келген мәртебелі меймандар көп. Германияның Deutsche Welle ақпарат агенттігі БҰҰ Бас хатшысына ерекше назар аударыпты.

Deutsche Welle:
«ШЫҰ саммитіне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те барды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Оның барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды қолдайтынын, Астананың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерекше рөлін атап өтті».

ШЫҰ қауіпсіздік пен дамуға кепілдік береді. Қытайдың China Daily газетінде осындай тақырыппен мақала жарияланды. Басылым атап өткендей ұйым аймақтың дамуына үлес қосып қана қоймай, оған мүше мемлекеттер арасындағы өзара саяси сенімді тереңдетіп, ынтымақтастықты дамытып келеді.

China Daily:
«ШЫҰ 2023 жылдан бері төрағалық етіп келе жатқан Қазақстан алты басым бағытты белгіледі. Олар қауіпсіздік, сауда-экономика, энергетикалық ынтымақтастық, цифрлық технологияларды дамыту, қоршаған ортаны қорғау және мәдени-гуманитарлық байланыстар. Ал Астанадағы саммитті көпжақты диалогты нығайтуға, ынтымақтастықты қолдауға арнады».

Пәкістанның ағылшын тіліндегі Daily Times басылымы біз жаңа дәуір мен жаңа жаһандық саясаттың куәгері болып отырмыз деп жазды. Осы өзгерістерде Шанхай ынтымақтастық ұйымы маңызды рөл атқаратын атап өткен.

Daily Times:
«ШЫҰ-ның негізгі тірегі – өзара сенім. Осының арқасында ұйым мүшелері барлығына бірдей тиімді саясатты бірлесіп қалыптастыратын болады. Теңдік пен ортақ дамуға өзара кеңесу және бір-бірінің мәдениетін құрметтеу арқылы қол жеткізу керек. ШЫҰ-ның негізгі мақсаты – ортақ мүдделерді қорғау бойынша бірлескен шараларды қабылдау».

Халықаралық басылымдардың басым бөлігі ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 20 триллион доллардан асатынына назар аударыпты. Сондай-ақ ШЫҰ ең беделді ұйымдардың біріне айналғанын атап өткен.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Бекболат Тұрмаханов