Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қабылдады

Мемлекет басшысына әлеуметтік саланы қаржыландырудың жаңа әдістері таныстырылды. Аталған тәсілдер бөлінген қаржының шын мұқтаж жандарға жетуін, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Тамара Дүйсенова әлеуметтік салаға 14,5 триллион теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 60 пайызын құрайды.

Президентке Отбасының цифрлық картасы арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың әлеуметтік санатына қарай дербес ұсынылатыны туралы баяндалды.

Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде әлеуметтік саланы цифрландырудың деңгейі қызмет алушыларды және оларға көрсетілген қызмет көлемін анықтап қана қоймай, мемлекеттік қолдау шараларының құрылымына түзету енгізуге мүмкіндік беретінін айтты. Ауыр тұрмыстық жағдайдағы отбасыларға арналған ұтымды әрі тиімді көмек шаралары әзірленеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім беру, медициналық көмек сапасын арттыру және әлеуметтік нысандар құрылысы мен ауыл тұрғындарын қолдау бойынша Үкімет тарапынан қолға алынған жобалар жайында мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы қабылданған шаралардың маңызын атап өтіп, аталған ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ бұған дейін басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.