Хабар телеарнасы

Әлем жастары бейбітшіліктің кілтін іздейді

Қазіргі заман туғызып отырған сын-қатерлерге әлем жастары болып қалай төтеп береді? Елордамызда өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі Діндер съезі ХХІІ хатшылығы отырысының жалғасы ретінде жастар бас қосты. Түрлі конфессиялар, қоғамдық және халықаралық ұйымдар, жас ғалымдар мен саясаткерлері жаһандағы өзекті мәселелерге дінаралық, мәдениетаралық диалог және рухани дипломатия дәстүрлерінің негізінде жауап іздеді. Бірауыз сөзбен айтсақ бейбіт өмірдің кілті.

Менің көзімдегі бейбітшілік пен руханият. Форумға орай ұйымдастырылған мына көрмеде еліміздегі мектеп оқушыларының 40-тан астам туындылары қойылған. Бұл қазақ балаларының әлем жастарына деген үндеуі деп қабылдаса да болады. Мәселен, «Әлем – біздің қолымызда»,– деген мына туындыда бүгінгі алмағайып замандағы адамзат бірлігіне ең қажетті алғашқы қадам диалог екені айтылған. Бұл 3-сынып оқушысының ойы.

Көпұлтты һәм көпконфессиялы қазақ елінде бейбітшілікке, ізгілікке ұмтылу, меймандостық сияқты қасиеттер қанға сіңгенін айтсақ мақтанғандық емес. Сондықтан Астананың жер жиһандағы бейбіт бастамалар үшін диалог алаңы болуы заңдылық. 30-дан астам елден келген жас діни лидерлер Қазақ елі ұсынып отырған дәстүр сабақтастығына мүдделі. Мәселен, Украина, Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал әлем руханиятын диалогқа итермелейді.

Дэвид Рудштейн, халықаралық «Бахаи» қауымдастығының бас хатшысы:

-Бұл басы ғана. Келешек ұрпақ үшін әлем тұрақтылығына үлес қосатын қадамдар осылай басталады. Қазақстан тарапына рақмет. Өкінішке қарай қазір қақтығыстар мен шиеленістер көп. Бұл қазіргі буын бізге сын. Біздің басты мақсатымыз кейінгі ұрпақтың бойына бейбітсүйгіштік, меймандостық қасиеттерді сіңіру. Жастар түрлі стереотиптер, қыңыр қағидалардан ада, еркін. Сондықтан оларға өзге ұлт, дін, нәсіл - секем алатын емес, сенімге бастайтын фактор екенін үйрету оңай.

Форумның «бісмілләсін» айтып шымылдығын түрген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жиналғандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен үндеуін жеткізді. Онда Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынғанын атап өтті. Қазақ Президентінің пайымы біреу – әлем үшін бейбітшілік пен келісімге апаратын жалғыз жол диалог. Ол әсіресе қазіргі уақытта - шиеленісті шешіп, қақтығысты тоқтата алатын тетікке парапар күш.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:  

-Қазір әлемде геосаяси қайшылықтардың салдарынан түрлі сын қатерлер пайда болды. Осы алмағайып кезеңде халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал оған жастардың белсене қатысуы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз.

Неге жастар? Қазір 30 тістен шыққан сөз 30 елге тарайтын заман. 30 діни бірлестіктің сөзі ертең өз жамағатына өсиет болып тараса, миллиардтаған адамның құлағына жетпей ме? Президенттің тағы бір сөзін біздің діни ғалымдар жаһаннан келген жас лидерлерге үндеу ретінде жеткізді.

Ершат Оңғар, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры:

-Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолданған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз бір. Бұл - қоғамымызда жаппай әділеттілік орнату. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін деген еді.

Мұсылмандар, христиандар, иудейлер мен будда және басқа да оннан аса діни конфессияның жас лидерлері бір залда бас қосты. Ой бөлісіп пікір алысты.

Афра Мұхаммед Әл-Саабри, Біріккен Араб әмірліктері толеранттылық және бірлесіп өмір сүру министрлігінің бас директоры:

-Бәрімізді біріктіретін бір құндылық бар. Ол – отбасы. Адамзат тарихында отбасы ұлтты біріктіре отырып рухани-мәдени байланыстардың негізінде өркениеттердің өзегі болып келді. Себебі отбасы құндылығының басты қағидаттарының бірі - бірнеше ұрпақты байланыстыру. Міне осы тұрғыдан алғанда бүгінгі өскелең ұрпаққа осы қасиеттерді беру миссиясы біздің мойнымыздағы міндет. Балаңа білім мен тәрбие бере алсаң ол зұлымдықтан бойын аулақ ұстайды.

Джо Бэйли Уэллс, Англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:

-Адамдар әр алуан. Әлем сонысымен де бай. Ол түрлі өркениет пен мәдениет. Тіл мен діни конфессиялар. Бірақ адам болғаннан кейін барлығын біріктіретін ортақ құндылық бар, ол - өмір. Басты мұрат бақытқа жету. Алуан өмірде өз ережеңмен ғана тіршілік ету тығырықтың бастауы. Сондықтан да түсіністікке жету үшін көзбе-көз, жүзбе-жүз сөйлесу маңызды. Біз сол үшін Астанаға келіп отырмыз. Жаһанды жайлаған заманауи сын-қатерлерге қатысты осы жерде пікір алмасу арқылы түйген ойларымыз әлбетте өз халықтарымызға насихатталатын болады.

Форумның басты құжаты ретінде жас діни көшбасшылардың бірлескен мәлімдемесін айтуға болады. Онда әлем қауымдастығына үндеу тасталып, бейбітшілікке, ынтымақ пен бірлікке бастайтын идеяларды, әлемдік диалогтың алдыңғы шебіндегі жастардың жігерлі бастамаларын қолдауға шақырды. Бұл жастардың ортақ болашақты құрудағы Астанадан бастау алған алғашқы қадамы десе болады.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Аян Сәрсембай