Хабар телеарнасы

Президент бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

«Ақорда» резиденциясында төрт мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің, сондай-ақ Еуропа Одағы өкілдігі басшысының Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.

Мемлекет басшысына Франция елшісі Сильван Гиоге, Еуропа Одағының елшісі Алешка Симкич, Финляндия елшісі Янне Хейсканен, Канада елшісі Кристофер Дагган, Бразилия елшісі Марсель Фортуна Биато сенім грамоталарын тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілермен жүздесу барысында Қазақстан  бейбіт дипломатия қағидатын ұстанатын ел екенін әрі халықаралық аренадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алатынын атап өтті. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымымен жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейіл екенін растады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Қазақстан - бейбіт дипломатия жүргізетін мемлекет. Біздің ел Орта держава ретінде бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға үлкен үлес қоса алады деп сенем. Қазір БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі тиісті шаралар мен шешімдер қабылдай алмай отыр. Дегенмен,БҰҰ әлемде баламасы жоқ бірегей  әрі әмбебап  ұйым. Біздің негізгі саясатымыз осы ұйымды қолдау. Сонымен қатар сіздердің елдеріңізбен екіжақты байланыстарымызды дамытуға назар аударамыз деп үміттенеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен сіздердің мемлекеттер басшыларына ізгі тілегімді жеткізгім келеді.