Олжас Бектенов Маңғыстау облысын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Басты міндет – Президент Жолдауында айтылған, өңірлердегі халықтың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік-экономикалық прогресті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау. Жиында Маңғыстау облысы әкімінің, салалық министрліктер басшыларының баяндамалары тыңдалды. Премьер-министрге Маңғыстау облысының 2021-2023 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өңірлік өнімнің 50%-ға дейін өсуін қамтамасыз еткені баяндалды. Олжас Бектенов «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағын кеңейту үшін әлеуетті инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты күшейтудің маңызына назар аударды. Бұл ретте жобаларды іске асыру барысында облыс тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын ашу маңызды. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 525 жұмыс орнын ашқан 14 жоба іске қосылды. Бүгінде өңірдің өңдеу өнеркәсібінде 17,2 мың адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 3,9 мың жұмыс орнын ашатын 1,5 трлн теңге сомасына 19 перспективалық жоба пысықталып жатыр. Жиында жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажеттігі де атап өтілді. Туризм және спорт министрлігіне Облыстағы туризмді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде әкімдікке барынша жәрдем көрсету тапсырылды.