Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған ашық турнир басталды
Алматыда Қазақстанның халық артисі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған ашық турнир басталды. Жарысқа 16-17 жастағы 200-ге жуық үміткер қатысып жатыр. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесіне жергілікті спортшылардан бөлек, Қырғызстан мен Өзбекстан және Тәжікстанның былғары қолғап шеберлері келіпті. Енді бір аптай бойы боксшылар 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Турнирде топ жарғандар арнайы сыйлықтармен марапатталып, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады. Ескендір Хасанғалиев атындағы ашық турнир осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. «Мақсаты – композитордың еңбегін жастар арасында дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттау»,– дейді ұйымдастырушылар .
Біржан Хасанғалиев, Ескендір Хасанғалиевтің ұлы:
-Осы турнир жақсы өтіп, мықты балалар, мықты боксшылар жеңіске жетіп, мүмкін болашақта Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары осы бүгінгі турнирге қатысып жатқан балалар ішінен табылады деп сенемін өзім.
Ерғали Әбдірайымов, «Жігіттер» квартетінің продюсері:
-Өсіп келе жатқан жастарды спортқа баулу бірінші мақсатымыз. Екінші мақсатымыз, қазақтың халық артисі, әнші, композитор ақсақалдарымызды осы өсіп келе жатқан жастар ұмытпаса, солардың естерінде болса деген сияқты мақсатымыз сол.
Елде VI Қысқы спартакиада ойындары өтіп жатыр
Спорттың бірнеше түрінен үміткерлер сынға түсіп жеңімпаздарды анықтайды. Әзірше хоккейшілердің жарысы қызып тұр. Кеше Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы кездесіп, 6:4 есебімен елордалық ұжым жеңіске жетті. Ал Торпедо мектебінің түлектері Қарағандылық хоккейшілерді 6:2 есебімен тізерлетті. Турнир кестесінде 9 ұпаймен Шығыс Қазақстандар топ бастап тұр. Астана екінші орынға жайғасса, Алматы 3 ұпаймен үздік үштікте келеді. Солтүстік Қазақстан Облысы мен Қарағандының қоржыны әзірге бос.