Бақыт Сәрсекбаев жастарды Азия біріншілігіне дайындайды. Спорт жаңалықтары
Талдықорғанда 22 жасқа дейінгі боксшылардың Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл сынға еліміздің барлық өңірінен 200-ден аса үміткер қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Әрбір жекпе-жек тартысқа толы болды. Диас Берікбай, Мадияр Бексұлтанов, Бақтияр Анарабаев, Абылай Сман, Саят Әшімов, Азатбек Жолдасхан секілді жігіттер өз салмақтарында чемпион атанды. Енді жарыс жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлерді Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырады. Бақыттың басты мақсаты - таланттар көзін ашып ұлттық құрама ізбасарларын тәрбиелеу. Арнайы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жаз айында жігіттерді жастар арасындағы Азия біріншілігіне апарады.
Бақыт Сәрсекбаев, Олимпиада чемпионы:
-Қазақстанның әр өңірінен мықты боксшылар жиналды. Олардан ұлттық құрама жасақтадық. Ендігі мақсат – алдағы Азия чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілу. Осы жастар арасынан қазіргі ересек құрамаға лайықты ізбасарлар шығаруға тырысамыз.
Мергендер Қатардағы халықаралық турнирде жақсы нәтиже көрсетті
Қазақстандық сұрмергендер Қатар еліндегі халықаралық турнирге қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қоржынымызда 4 медаль бар. Оның екеуі – алтын. «Қатар Гран-Приі» деп аталатын стенд ату шеберлерінің бәсекесіне 30 елден 250 спортшы жиналды. Араларынан скит бағытында қазақстандық Диана Сабекова ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Артынша оның жеңіс жолын ерлер арасында тағы бір қазақстандық Артем Седельников жалғады. Айта кету керек, қос спортшы да жасөспірімдер санатында сынға түскен еді. Ал ересектер арасында қазақстандық Ольга Панарина күміс, Зоя Кравченко қола жүлдеге қол жеткізді. Доха қаласындағы жарыс әлі де жалғасып жатыр. Сәйкесінше Қазақстан қоржынындағы медальдар саны артуы мүмкін. Байрақты бәсеке 22 ақпанда мәреге жетеді.