Хабар телеарнасы

Әлем кубогы: Евгений Кошкин конькиден жеңіске жетті. Спорт жаңалықтары

Евгений Кошкин конькиден әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетті. Қазақстан спортшысы Польшада өткен жарыста қысқа қашықтықта алдына жан салмады. 22 жастағы жерлесіміз қашықтықты 34,5 секундта бағындырып, әлем кубогындағы алғашқы жүлдесіне қол созды. Бұл ұлттық құраманың осы маусымдағы бірінші медалы екенін де айта кетейік. Әйелдер арасындағы командалық спринтте Надежда Морозова, Кристина Силаева, Дарья Важенина мәреге бесінші болып жетті. Әлем кубогының үш кезеңдегі қорытындысы бойынша Қазақстан қыздары құрамасы жалпы есепте үшінші орынға жайғасты. 

Оралда Манарбек Ихсановты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті

Оралда бокстан жастар арасында ел чемпионы Манарбек Ихсановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Жарысқа елдің 7 өңірінен өрендер жиналды. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан жалпы саны 200-ге тарта балғын былғары қолғап шебері қатысты. «Жайық Аренадағы» бокс бәсекесі 4 күнге созылды. 14 салмақ дәрежесінің 4-нде шаршы алаң иелерінің мерейі үстем болды. Қырғыз балалары да 4 салмақта алтыннан алқа тақты. Ақтөбелік балғын боксшылар 3 салмақта топ жарса, Қызылорда құрамасына 1 алтын бұйырды. Тәжікстандық боксшылар 2 салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. 

Диас Сәбит, турнир жеңімпазы :

-Турнир жақсы деңгейде өтті. Бүкіл жекпе-жектерім қиын болды. Ешқайсысын бөліп жармаймын. Осыдан кейін Ақтөбеде Ғалиб Жапаров турнирі болады. Ол жарыста Азия чемпионатына қарайды балаларды. Сол жарысқа барып өзімді көрсетіп, чемпион болып, Азия чемпионатына ілініп кету мақсатымыз. 

Серік Сапиев, бокстан Олимпиада чемпионы :

-Балаларға өте пайдалы, өте керек. Осы турнирлерден олар бастайды. Біз де осындай турнирлерден бастадық. Балалардың деңгейі өте жоғары. Қарап жатырмыз. Қырғыздар да мықты. Тәжіктер де мықты. Енді жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Ақтауда футзалдан Қазақстан кубогының жартылай финалистері анықталды

«Қайрат» Оралдың «Бәйтерегімен» алаңға шығып, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Алматы командасы финалдық жолдаманы Рудныйдың «Аятымен» сарапқа салады. «Аят» жігіттері ширек финалда Ақтау «Каспийінен» басым түсті. Жартылай финалдың келесі жұбында қазіргі ел чемпионы «Семей» мен «Ақтөбе» кездеседі. Абай облысының командасы «Астананың» осал тұсын тапса, Ақтөбеліктер «Ордабасыны» жеңді. Ел кубогының жартылай финалы 22-23-ші наурызда өтеді. 

Авторы: Қанат Базылхан