Хабар телеарнасы

Алматыда әлемдік күрес турнирі өтеді. Спорт жаңалықтары

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еркін күрестің айтулы спортшылары белдеседі.

Қазақ балуандарына әлем және олимпиада чемпиондары қарсы шығады. Ұлттық құрама капитаны, әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері Азамат Дәулетбеков Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері беларусь Магомедхабиб Кадимагомедовпен кездеседі. Әйелдер арасында үш дүркін Азия чемпионы Жәмила Бақбергенова атақты қырғыз қызы Айпері Медетқызымен белдеседі. Күрес кешінің басты жекпе-жегі әлем чемпионатының жеңімпазы Ризабек Айтмұхан мен олимпиада және әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Кайл Снайдер арасында өтеді. Америка балуаны Алматыға келіп белдесуге дайын екенін мәлімдеді. 

Сегізінші мәрте ұйымдастырылған кәсіби күрес лигасы кешкі жетіде басталады. 

Дәулет Тұрлыханов, ҚР Күрес федерациясының президенті:

- Мұндай жарыстар керек. Неге дегенде, ол  күрестің дамуына септігін тигізеді. Осы бағытта біз өз жұмысымызды жалғастыра береміз. Тек еркін күрес болмайды, грек-рим, әйелдер осы үш күрес түрі болады. Бұл жоба болашақта ең мықты жобалардың бірі болады деген ойдамыз.

Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:

- Өз елімізде осындай мүмкіндік бергеніне рақмет айтам. Енді жанкүйерлер осы белдесуді күтіп отыр. Дайындығымыз өте жақсы болды. Мықты болды. Толық дайынмын деп айтуға болады.

Кәсіпқой боксшы Бекман Сойлыбаев құрлық деңгейіндегі кезекті атағын иеленді.

Қазақ жігіті Ақтаудағы бокс кешінде танзаниялық Абейд Зугоны төртінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, кәсіби рингтегі 21-ші жеңісіне қол жеткізді.

Каспий жағасындағы бокс бәсекесінде ұлттық құрама спортшылары да сынға түсті. Нұрқанат Райыс алғаш рет кәсіпқой боксқа қадам жасады. Ол ирандық Сажат Каземзаденің осал тұсын тапты. Саматәлі Төлтаев кәсіпқой бокстағы бесінші кездесуін таиланд өкілі Сахарат Таерхунмен өткізіп, айқын жеңіске жетті.

Қазақстан баскетболшылары Азия кубогына іріктеу турнирін сәтсіз аяқтады.

Біздің жігіттер Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Иран құрамасын қабылдап, 45:88 есебімен ойсырай ұтылды. Тигран Гекчяннан тәлім алатын ұлттық құрама төрт кезең бойы парсы елінің баскетболшыларына лайықты қарсылық таныта алмады. Қазақстан сапынан 12 ұпай еншілеген Олег Балашов үздік атанды.

Азия кубогына іріктеу кезеңінде ұлттық құрама өз тобында ең соңғы орынға жайғасып, құрлық чемпионатынан сырт қалды. «Е» тобында Иран топ жарып, Азия кубогының негізгі кезеңіне жолдама алды. Екінші орындағы Қатар да құрлық жарысына барады. Ал Үндістан қосымша жолдамаға таласады. 

Қанат Базылхан