Тегеранда төл күресіміз таныстырылды

  • 617
  • 04.03.2025, 18:43

Қазақ күресінен тұңғыш рет әскерилер арасындағы әлем чемпионаты тамыз айында Астана қаласында өтеді. Осынау байрақты бәсекеге қазірдің өзінде 20-ға жуық мемлекет қатысуға ұсыныс білдіріп отыр. Өткен аптада Халықаралық әскери спорт кеңесінің жиынында төл күресіміз жан-жақты таныстырылды. 

Өткен аптада Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Халықаралық әскери спорт кеңесінің кезекті жиыны өтті. Бұл Халықаралық Олимпиада комитетінен кейінгі ықпалды ұйымдардың бірі. Қазіргі таңда «СИЗМ»-ге 141 мемлекет мүше. Жыл сайын әскерилер арасында спорттың 30 түрінен әлем біріншіліктері ұйымдастырылады. СИЗМ-нің биылғы жарыс кестесіне тұңғыш рет қазақ күресі де кіріп отыр. Яғни тамыз айында Астанада әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Тегеран төрінде елімізден барған мамандар төл күресіміздің қыр-сырын жан-жақты таныстырып, шеберлік сабағын өтті.

Джозеф Бакари, (Танзания) Дүниежүзілік әскери спорт кеңесінің директоры: 

- Мен Бельгиядағы СИЗМ-нің штаб пәтерінде спорттық ойындарға жауаптымын. Биылғы жарыстар күнтізбесіне қазақ күресін де қосып отырмыз. Қазақтың  ұлттық спорт түрлерін былтыр Көшпенділер ойындарында көріп тәнті болдық.Өте қызықты әрі тартысты өтеді.  Қазақ күресі әскери қызметшілердің шеберлігін шыңдап, күш қайратын арттыра түседі деген сенімдемін.

Армияны жаңғырту және әскери спорт пен әскери инфроқұрылымды жетілдіру жөнінде Мемлекет басшысы жиі айтады. ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті әскерилердің спорттық әлеуетін арттыру мақсатында әртүрлі шараларды қолға алды. Биыл жас өрендерді тәрбиелейтін екі бірдей әскери колледж ашылмақшы.

Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:

- Елшімен кездесіп, біраз жұмыстарды талқылап, келешекке біраз жоспарларды жасадық. Осы іс-сапардың ең басты мақсаты қазақ күресін және ұлттық ойындарды СИЗМ ұйымға насихаттау.

Тамыз айында Астанада өтетін әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне 20-дан аса мемлекеттің әскери қызметшілері қатысуға ниет білдіріп отыр. Болашақта мамандар тек қана қазақ күресінен емес, басқа да ұлттық спорт түрлерін Халықаралық әскери спорт кеңесінің бағдарламасына енгізуді көздейді.

Жандос Айтбайұлы