«Тобыл» мен «Легион» арасындағы текетірес қалай өтті? Спорт жаңалықтары
Баскетболдан ұлттық лига командалары біріншілік кестесіне сәйкес кезекті тур ойындарын өткізді. Енді тура бір айдан кейін плей-офф кезеңі басталады. Турнир кестесінде үзеңгі қағыстырып келе жатқан «Легион» мен «Тобыл» арасындағы ойын қашанда тартысқа толы. Бұл жолы қос мықты Алматыда жолықты.
Алғашқы ойында қостанайлықтардың асығы алшысынан түсті. Антон Быков пен Әділбек Битенов жұбы екінші кезеңде алаң иелерінің апшысын қуырды. Алматылықтар есепті теңестіруге қанша тырысқанымен қонақтар қорғанысы сыр берген жоқ. Есеп 98 де 101, қостанайлықтардың пайдасында. Легионға екінші ойында белсенділік танытып есе қайтарды. Данил Севергин мен Андрей Волковтар болған мүмкіндіктерін мүлт жібермей, алаң иелері 88 де 72 есебімен ойынды өз пайдаларына шешті.
Абай Алпамысов, ҚР Баскетбол федерациясының президенті:
- Енді бір айдан кейін финалдық кезең басталады. Дәл қазір қай команданың топ жарарын дөп басып айту қиын. Өйткені топ басында келе жатқан «Ирбис Алатау» мен «Тобыл» және «Легионның» шама деңгейі қарайлас. Тіпті Атыраудың «Барсы» командасы мен Ақтаудың «Каспиі» де жүлделі орыннан дәмелі. Қысқасы биылғы біріншілік өте тартысты өтіп жатыр.