Хабар телеарнасы

Футзалдан Қазақстан құрамасы алдағы ойындарға дайындалып жатыр. Спорт жаңалықтары

Футзалдан Қазақстан құрамасы алдағы болатын жауапты ойындарға жан-жақты дайындық жүргізіп жатыр.

Естеріңізге салайық, Кака жаттықтыратын ұлттық құрама келер жылы өтетін Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде 7 ұпаймен турнир кестесінің 2-ші сатысында келеді. Топ басында 10 ұпайы бар армияндар. Енді жерлестеріміз 7-ші наурыз күні Жақсылық Үшкемпіров сарайында Албанияны қабылдаса, араға бес күн салып Ереванға қонаққа барады. Латвия мен Литвада өтетін құрлық додасына қатысу үшін Қазақстан құрамасына қалған екі ойында тек жеңіс қажет.

Өкінішке қарай ұлттық құраманы төрге сүйреп жүрген тасқамал ойыншылар Игита мен Дуглас Жуниорлар жарақатына байланысты алдағы ойындарға қатыса алмайды. Дегенмен тәжірибелі ойыншы Шыңғыс Есенаманов құлан таза айығып қатарға қосылды. Кака шәкірттері бар шеберліктерін көрсетіп, Еуропа чемпионатына жолдама алады деген үміт басым.

«Барселона» «Бенфикаға» қонаққа келді

Биыл Еуропаның ең үздік командасы кім болады деген сауалға жауап іздеген жанкүйерлер түн ұйқысын төрт бөліп тағы телеэкранға телміреді. Тартысты кездесулердің бірі Лиссабондағы Эштадиу да Луж стадионында Бенфика мен Барселона арасында өтеді. Естеріңізде болса, дәл осы стадионда қаңтар айында қос команда жолығып, голдан тау тұрғызған. 2:4 есебімен ұтылып жатқан каталониялықтар соңғы секунттарда жеңіс добын соғып, 5:4 есебімен басым түскен болатын.

Біраз голға куә болуымыз әбден мүмкін. Өйткені екі команда да шабуыл шебінде ширақ. Бірақ алаң иелерінің сапында ардагер ойыншы Анхел Ди Мария мен қорғаушы Александр Ба алаңға шыға алмайды. Ал Барселона Берналь мен Кристенсенді және Тер Штегенді қалдырып кетті. Кездесу Астана уақыты бойынша түнгі сағат бірде басталады.