Павлодарда каратэге қызығушылық танытқан қыз-келіншектер көбейіп келеді
Павлодарда кёкушинкай каратэге қызығушылық танытқан қыз-келіншектер көбейіп келеді. Кимоно кигендер арасында бухгалтер, сұлулық индустриясының өкілдері, педагог, кәсіпкер және көпбалалы аналар бар. Әйелдердің шығыс жекпе-жегіне құмартуының сыры неде?
Жекпе-жекке шығатын әйелдерді біз бұрын көп кездестірмейтін едік. Бірақ уақыт өзгеруде. Нәзік жандар арасында кёкушенкай каратэге қызығушылық артқан. Спорттың бұл түрімен ниет білдірген кез келген қыз-келіншектер айналыса береді. Ең жасы 18-де болса, үлкені 50-де. Адамзаттың әдемі жаратылысын қызықтырған кёкушинкай каратэ залына келіп қалдық. Бүгін жаттығу екен. Шығыс жекпе-жегінің алғышарттарын үйрену үшін жаттығу жасап көрейік.
Қыздардың мұнда уақыт өткізу үшін келмегені сабақтың алғашқы минуттарында-ақ белгілі болды. Қимылдары ширақ, соққылары дәл тиіп жатты. Әр жаттығу бойға қан жүгіртіп, жылынудан басталады.
Ясмин Дүйсембенова, жаттықтырушы:
-Қыздар бастапқыда тек жаттығу жасаумен шектеледі. Артық салмақтан арылуды мақсат етіп келгендер бар. Қызығушылықтың арты жеңіске деген ұмтылысқа ұласады. Төзімділік танытып, сары белбеуге жеткендер бар. Бір жылдан артық жаттыққандар қазірдің өзінде оныншы кю-ді тапсырып жатыр.
Ботагөз Ғабдуллаева бұрын спортпен айналыспаған екен. Каратэ клубына құрбысы ертіп келіпті. Қазір бос уақытын жаттығу залында өткізеді. Балабақша тәрбиешісі өзіне деген сенімділігі артып, дене бітімі сұлулана түскенін байқаған.
Ботагөз Ғабдуллаева, қала тұрғыны:
-Өзіме ұнады, негізінде өзім спортқа жақын емес едім. Осы екі жылдан бастап ұнады, денсаулығым жақсарды, жұмыстан келгеннен кейін осы тренировкада тек өзімнің шаршағанымды, күні бойы істеген нагрузкам осы тек тренировкаға келгенде кете бастады.
Дайындықсыз келген адам үшін жаттығудың оңайға түспесі анық. Соған қарамастан бір серігіп қалдым десем артық айтпаймын. Спорттағы жетістіктердің артында тәртіп пен ерік-жігер және жеңіске деген ұмтылыс жататыны сөзсіз.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков