Хабар телеарнасы

Қызылордада каратэден Қазақстан чемпионаты өтті. Спорт жаңалықтары

 Қызылордада каратэден жастар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ішкі біріншілікке 600-ге жуық спортшы қатысып, жаңа рекорд тіркелді. Жекпе-жек шеберлері ката мен кумитеден сынға түсіп, 44 медаль жиынтығын сарапқа салды. Жалпыкомандалық есепте Шымкент қаласының құрамасы топ жарды. Олар 9 алтын, 11 күміс және 11 қола жеңіп алды. Маңғыстау және Жамбыл облысының командалары үздік үштікті түйіндеді. Ел чемпионатында жүлде алған ағайынды спортшылар көп болды. Мәселен, жамбылдық Алмат Нұрсейіт пен Нұрасыл Нұрсейіт өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанды. Алматылық Мұрат Дамитов пен Тимур Дамитов те жүлдегерлер қатарынан көрінді. Арлан Мұрат пен Арнұр Мұрат та медаль алды. 
 
Айсена Ахметқали, каратэден Қазақстан чемпионы:

-Қазақстан чемпионатында чемпион атандым. 50 келіде шықтым. Үш кездесу өткіздім. Финалда Шымкенттің спортшысымен шықтым. Осы жарысқа қатты дайындалдым. Өзіме сеніп, жеңдім. 
 
Нұрахат Сәттұрсын   каратэден Қазақстан чемпионы:

-Финалда Жетісудың баласымен шықтым. Оңай болған жоқ. Әр жарыс, әр кездесу қиын болады. Соған қарамастан чемпион болып шықтық. 
 
Австрияда дзюдодан Гран-при жарысы басталады.

52 елден 500-ге тарта балуан жиналған татами бәсекесіне қазақ елінің спортшылары да қатысады. Әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова, Толғанай Әбеуова, Дана Әбдірова, Самалай Ерғалиева және Ақерке Рамазанова бар. Жігіттерден Данияр Шамшаев, Мейірлан Максим, Нұрлыхан Шархан белдеседі. Биыл біздің дзюдошылар екі жарысқа қатысып, екі қола медаль ұтып алды. 

Щучинскте әскерилер арасында қысқы спартакиада аяқталды

Биылғы бәсеке Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды. Армия орталық спорт клубы ұйымдастырған сайысқа  кадеттер мен «Жас Ұлан» республикалық мектептерінің оқушылары қатысты. Чемпиондық атаққа Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларынан жиналған төрт команда таласты. Жалпы саны 40 спортшы мылтық ату, белтемірге тартылу және шаңғы жарысынан сынға түсті. Командалық есепте Қарағанды құрамасы топ жарды. Екінші орынға Астана командасы ие болса, Шымкент жастары үздік үштікті түйіндеді. Жекелей сында елордалық Бақтияр Жұмалдинов мергендік танытты. Алматылық Алмат Қожабек белтемірге тартылудан үздік атанды. Шаңғы жарысында Қарағанды спортшысы Нұртілек Дарибай жеңіске жетті.