Хабар телеарнасы

Садақ ату өнері жаңа трендке айналып келе жатыр

Садақ ату өнері бүгінде жаңа трендке айналып келе жатыр. Абай облысында спорттың бұл түрін дамытатын арнайы орталықтар ашылды. Мамандардың сөзінше, Семей жастарының ұлттық спортқа қызығушылығы артқаны байқалады. «Жас орта» ұйымы садақ атудан жарыс ұйымдастырды. Оған 50-ден астам адам қатысты.

Бұрын жаудан қорғану және аң аулау мақсатында қолданылған садақ ату бүгінде танымал спорт түріне айналды. Мамандардың айтуынша, бұл спортқа қызығушылық танытатын жастардың саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда Семей қаласында дәстүрлі садақ атумен айналысатын үш орталық жұмыс істейді. Онда екі жүзге жуық бала тұрақты түрде жаттығады.

Ерасыл Нұрбекұлы екі жылдан бері жебе мен садақты жанына серік еткен. Қолы босай қалғанда дәстүрлі садақ ату орталығына барып дайындалады. Бүгінде облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүлдемен оралып жүр. Енді еліміздің намысын әлем аренасында қорғағысы келеді.

Ерасыл Нұрбекұлы, садақшы:

-Осы садақ атуды ең басында білмедім мен. Инстаграмнан қарадым. Инстаграмда алаш мергендерінің клубы. Соған қарап қызығып кеттім. Мақсат қойдым, жақында Қазақстанға шығамын. Өзіме кмс деген звание аламын.

Семейдегі садақ атудан жарысты «Жас Орта» ұйымы өткізді. Мергендік өнер адамға рух беріп, көздің көру қабілетін жақсартады. «Сабырлы мінез қалыптастырып, бойға сенімділік ұялатуға көмектеседі»,дейді жастар ұйымының төрағасы.

Жасұлан Құмаров, жастар ұйымының төрағасы:

-Садақ ату ол біздің ертеден келе жатқан дәстүріміз болып табылады. Ол тек қана ұлттық ойын емес, ата-бабамыздың бізге қалдырған асыл мұрасы болып табылады.

Садақ ату адамның жас ерекшелігіне қарамайды. «Бастысы ынта мен жігер болуы қажет»,дейді мамандар. Семейдегі дәстүрлі садақ ату орталықтары бір жыл бұрын ашылған. Осы аралықта спортшылар көптеген жарыстарда топ жарып жүр. Таяуда Абай облысының спортшысы Мадина Мәденова Қазақстан құрамасының атынан әлем кубогына қатысады. 

Болат Ақжігітов,  спорт клубының директоры:

-Бүгінгі таңда спорт клубымызда он спорт түрінен 830-дан астам спортшы бар. 38 жаттықтырушы қызмет атқарады. Соның ішінде дәстүрлі садақ ату бөлімі де жұмыс жасап жатыр.

Биыл ұлттық спортты дамытуға бюджеттен шамамен 140 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Дәстүрлі садақ ату орталықтары шалғайдағы аудандарда да ашылады деген жоспар бар.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы