Хабар телеарнасы

Боччадан Қазақстан кубогы мәресіне жетті

Бүгін Астанада боччадан елдегі алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған дәстүрлі ашық республикалық сайыстың соңғы кезеңі өтті. Сайысқа Сенат Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев арнайы барып, жеңімпаздарды марпаттады. Сұлтанбек Орынбасаров ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуетін жүзеге асыруға жол ашып, жас буынды спорт әлеміне жетеледі. Биылғы додаға 130 спортшы қатысты. Бұл былтырғыдан екі есе көп. Командалық жарыста бірінші орынды Астана қаласы мен Жетісу облысының құрамалары бөлісті. Екінші орынды Елорда командасы еншілесе, Батыс Қазақстан облысының спортшылары үздік үштікті түйіндеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Бочча деген – бұл параспорт қана емес, қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеудің бір тетігі, жолы. Сондықтан бочча арқылы қоғамымызды дамытуға, қоғамымызда инклюзивті үрдістерді күшейтуге жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы осы үлкен қозғалысты Қазақстанда Сұлтанбек бауырымыз бастаған болатын.