Хабар

ШҚО-да ұлттық спорт ұлықталды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңына ел шығысында ұлттық спорт ұлықталды. Облыс аумағында түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Өскеменде мергендер анықталса, Ұлан ауданында қой ғана емес, тай көтерген қара күш иелері қошеметке бөленді. Тіпті қыз-келіншектер де иығына серке салып, күш сынасты.

Ұлттық спортты ұлықтаудан Бозанбай ауылының халқы алдына жан салмады. Әсірсе салмағы 400 келіге жуықтайтын тайды көтеруге тайсалмай шыққан жігіттер көп. 

Мықтылардың мықтысы ғана мәреге жетті. Тайды көтеріп, 120 метр қашықтықты еңсерген азамат жеңімпаз атанып, марапатқа өзі көтерген сол жылқы малын иеленді. Ерлер тайталасып жатқанда қыз-келіншектер де қарап тұрмады. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Ұлттық спортты ұлықтау  түрлі сайыстарға толы болып жатыр. Мінеки, Бозанбайда қыз-келіншектер серке көтеруден сайысып жатыр. Бұл серкенің салмағы 30-40 келіге дейін жетеді. Ең көп кім көтереді ,сол осы серкені үйіне алып кетеді.

Еркінгүл жарысқа бірінші болып шықты. Көпбалалы ана балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді. Ол қарсыластарына дес бермеді, серкені 83 рет көтеріп, көпшілікті таңғалдырды.

Еркінгүл Оңай, Бозанбай ауылының тұрғыны:

- Салмағы деген өте ауыр екен. Өз күшіммен көтердім. Басында 60 қой деп ойлағам, 80-ге жетеді деп ойлағам жоқ.

Ал Өскемендегі еңбек ұжымдары садақ ату орталығына жиналып, шеберлік сағатына қатысты. Мәселен, облыстық «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» қызметкерлері жолдың ғана емес, нысананың да түзу болуы маңызды екенін түсіндік,- дейді.

Айдос Қабылбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының инженері:

- Ерекше философия десек те болады Бұл садақ ату орталығында әркім садақ ату өнерін үйренуге болады екен. Ал біздің ұжым садақ ату арқылы бабаларымыздың дәстүрімен байланыса білді деуге болады.

Бибати Тұрымтайқызы, жаттықтырушы:

- Әркім өзімен арпалысады. Нысана және сен ғана. Сонда нысана мен екіортада сондай әдемі арпалыс болады. Соның нәтижесінде адам өз-өзін жеңуге тырысады.

Ал жастар бес тас, тоғызқұмалақ ойнап, санасын сергітті. Осылайша Наурызнама шеңберінде ұлттық спорт ұлықталып, дәстүріміз дәріптелді.

Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов