Хабар

Биыл ұлттық спорт қалай қаржыландырылады?

Биыл елімізде ұлттық спорттан мыңға жуық жарыс өтеді. Олардың арасында мектеп оқушылары да белсенді. Сарапшылардың айтуынша, асық пен тоғызқұмалақты жасөспірімдерге жан-жақты дәріптеуіміз керек. Себебі осы ұлттық ойын түрлері басқа спортпен салыстырғанда қауіпсіз әрі көп шығынды талап етпейді. Ал биылдан бастап ұлттық спорт қалай қаржыландырылады? Жаңа заңнамада не өзгерді?

2023 жылы этноауыл аумағында өткен маңызды шарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция басшысы Эмманюэль Макрон жас жеткіншектердің асық ойынын тамашалады. Балалар ұлттық ойын арқылы еліміздің мәдени мұрасын танытты. Сол оқушылардың жаттықтырушысы Жасұлан Әділбаев оларды шеберлікке баулып, үлкен еңбек еткен екен.

Жасұлан Әділбаев, дене шынықтыру мұғалімі:

- Асық ойыны ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Ағаларымыз ойнаған, аталарымыз ойнаған. Оны біз әрі қарай қалай жалғастырмаймыз? Асық дегенді жинаймыз. Үйде асығымыз шашылып жатады десе де болады. Қалада тұрсақ та біз асықты насихаттаймыз.

5 атұстары, екі бұрымдысы бар елордалық Жасұланның айтуынша, балалары еңбектегеннен бастап оларға ұлттық ойынды үйретіп, тәрбиелейді. Қазір кішкентай 8 жастағы егіз ұлы –  асықтан мықты ойыншылар.

Асыл Шыңғыс, оқушы:

- Асық ойнаған  маған ұнайды. Өйткені асықты атқанда көздейсің. Оны атып шығарасың. Оны ұстауының өзі қолға жаттығу. Маған қазақтың қойдан алған сүйек асығы ұнайды. 

Арман Шыңғыс, оқушы:

- Мен асықты үйде де ойнаймын. Мен өскен кезде әлем чемпионы болғым келеді. Маған пластер асық өте қатты ұнайды.Ол көздеп тұрып атқанда, асықты дәл шығарады.

Диана Қадыр, тілші:

- Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды мергендікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Сондықтан мамандар гаджетке тәуелді балаларға асық ойнауды үйретіп, мектептерде үйірмелер ашу қажет,- дейді.

Әрі қарай асығым алшысынан түсіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты 57 спортшының асық ойынын тамашаладық. Тартысты жарыста 20-ға жуық команда бақ сынады. Жеңіске жеткендерге арнайы марапаттар табысталды.

Қуат Хайруллин, төреші:

- Негізі асық ату мен бесасық спорты да өте жақсы қарқында дамып жатыр. Қазір бізде ашылған халықаралық федерациямыз бар. Тек Қазақстанда емес, жан-жаққа соны дамытуға, соны дәріптеуге жұмыс жасап жатырмыз. Көп жерде ұлттық ойын мектептері бар. Жергілікті спорт мектеп басшылары мектептерде үйірмелер ашуға көп әрекет жасап жатыр.

Ал Ұлттық спорт қауымдастығына 8 спорт түрі кіреді. Олар бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату.

Айбек Сапарқұл, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының өкілі:

- Ұлттық спортты қаржыландыруын айтатын болсақ, қазір заңнама қабылданып жатыр. Ұлттық спорт түрлері, олимпиадалық спорт түрлерімен бір деңгейде қаржыландырады деген. Олай болуы дұрыс деп есептейміз. Ол біздің ұлттық спортымыз. Ұлттық спортта да енді өзінің қиындықтары бар. Атқа, командалардың тасмалдануына, құстардың тасмалдануына байланысты.

Ресми дерекке сәйкес, қазір 600 мың адам ұлттық спортпен айналысады. Биыл елімізде түрлі 121 чемпионат пен халықаралық жарыс өткізу жоспарланған.

Диана Қадыр, Айбек Ақшолақов