Жолдастық кездесу Түркияның Белек қаласында өтті. Әли Әлиев баптайтын ұлттық құрама қарсыластар қақпасына жауапсыз екі доп соқты. Максим Самородов пен Асхат Тағыберген мергендік танытып, матчқа нүкте қойды.
Қазақстан әлем чемпионатына іріктеу кезеңіне дайындалып жатыр. Оқу-жаттығу жиынындағы жолдастық ойын жабық өтті. Кюрасао құрамасы халықаралық футбол рейтингінде 91-ші орында тұр. Әрі бұл елдің футболшыларын әйгілі Нидерланд маманы Дик Адвокат жаттықтырады. Дегенмен қазақ елінің командасы жолдастық матчта жеңіске жетіп, ресми жарыс алдындағы әзірлігін пысықтап алды.
22-ші наурызда Қазақстан 2026-шы жылғы әлем чемпионатына іріктеу ойынын бастайды. Әли Әлиев шәкірттері Уэльске қонаққа барады. Сосын 25-ші наурызда сырт алаңда Лихтенштейнмен кездеседі.
Әли Әлиев, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қазір ұлттық құрама жасақталды. Өкінішке қарай жарақат алған жігіттер бар. Десе де барынша жақсы футболшыларды шақырттық. Алдағы матчтар оңай болмайды. Жауапкершілік үлкен. Оны бәріміз түсініп тұрмыз. Кюрасаомен кездесу жан-жақтан жиналған жігіттердің алаңда бір-бірінн сезініп, үйлесімді ойнап үйренуіне қажет болды.