Хабар

Астанада футболдан балалар арасындағы дәстүрлі халықаралық турнир басталды

Биылғы жарыстың басты жетістігі 10 жастағы өрендер еліміздің бас стадионы «Астана Аренада» топ тебуге мүмкіндік алды. Аладоп аламаны 28 наурызға дейін жалғасады. Жүлделі орындарды сарапқа салып жатқан 12 команданың ішінде мәскеулік «Спартак» пен ташкенттік «Пахтакор» өрендері бар. Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша «Спартак» ақтөбелік команданы 8:2 есебімен ұтса, «Пахтакор» астаналық өрендерді 10:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұдан бөлек  «Астана» «Ақтөбеден» 3:1, ал «Жеңіс» «Арланнан» 6:5 есебімен басым түсті.

Алматыда баскетболдан қыздар командалары арасындағы жоғарғы лиганың төртінші тур ойындары аяқталды.

Талдықорған мен Астана, Алматы мен Шымкент және Атырау мен Қарағанды облысынан келген 6 команда өз ара шеберлік байқасып жарыс көркін қыздырды. Турнир кестесінде жеке дара топ бастап келе жатқан Жетісу тек 70-те 76 есебімен Астананың Тайгерсіне есе жіберіп қойды демесеңіз қалған ойындарда ұпайдан шашау шығарған жоқ. Төрт турдан кейін тізгін әлі талдықорғандықтардың қолында. Дегенмен Жетісуді елордалық баскетболшылар өкшелеп келеді. Ал үштікті Алматының Томирисі түйіндеп тұр. Келесі тур ойындары сәуірдің 17 күні басталады. 

Айдана Ысқақова, «Томирис» баскетбол клубының директоры:  

-Дәл қазір турнир кестесіндегі жағдайымыз жаман емес. Үздік үштіктің қатарында келеміз. Бұл небәрі екі маусым ішінде қол жеткізген үлкен жетістік. Келесі турда да біздің қыздар бар шеберліктерін көрсетіп, қола жүлдеге қол созамыз деген үміттеміз. 
 
Авторы: Жандос Айтбай