Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

  • 132
  • 01.04.2025, 19:00

Түркістанда Сидней олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнир басталды. Осымен 23-ші мәрте жалауы желбіреп отырған жарысқа 200-ден аса үміткер келіпті. 

Биылғы дүбірлі додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Кувейт және еліміздің барлық өңірінен 300-ге жуық үміткер қатысып жатыр. Жігіттер 13 салмақта қыздар 6 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады. Турнирдің ашылу рәсімінде мәртебелі меймандар мен спорт жұлдыздары және бапкерлер мен Бекзаттың анасы батыр ұл жайлы естеліктерімен бөлісіп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) талаптарына сәйкес турнир жеңімпаздарына «спорт шебері» атағы беріледі. Жарыс жеңімпаздары 4 сәуір күні белгілі болады. Айта кетейік, былтыр Түркістанда Бекзат Саттархановтың есімімен аталатын заманауи спорт кешені ашылып, жас спортшылар үшін маңызды орталыққа айналған болатын. Дәл осы орталықта былғары қолғап шеберлері бар шеберліктерін көрсетуде.   

Мирас Түкенов, жарысқа қатысушы:

- Бірінші жекпе-жегім өте қиын болды. Рингті сезініп, ауыр болады. Қарсыласым Жетісудың баласы жақсы бокстасады. Бұрында жарыстарға шығып жүрген боксшы. Осы жарысқа жақсы дайындалдық. Жеңіске жеттік. Менің арманым осы Бекзат ағамыз сияқты Олимпиада ойындарының жеңімпазы болғым келеді.