Алматыда еркін күрестен студенттер арасында республикалық жарыс өтті. Дәстүрлі ашық біріншілікті биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Алматы сервис және технологиялар колледжі» ұйымдастырған. Турнирге еліміздің әр өңірінен 250 студент қатысып, 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Еркін күрес федерациясының бекітілген ережесіне сәйкес балуандардың шеберлігін әлем және олимпиада жеңімпаздары бағалады. Турнир қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 1-орын жарыс қожайындарына бұйырса, екінші орынға Алматы политехникалық колледжі иелік етті. Ал Жамбыл облысының жастары үштікті түйіндеді.
Жарқын Жаниязова, жарысты ұйымдастырушы:
- Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Бұл жарысқа жоғарғы білім колледждерінің спортшы студенттері қатысады.
Түркістанда баскетболдан ел біріншілігі мәресіне жетті.
«Биылғы біріншілік өте тартысты өтті»,– дейді мамандар. Әсіресе жеті команда қатысқан жарыстың финалдық кезеңі қызыққа толы болды. Қызығы сол, ел біріншілігіне тұңғыш рет команда қосқан Түркістандықтардың тасы өрге домалады. Яғни осы маусымда 30 ойын өткізіп соның 27-сінде жеңіске жеткен Тұран топ жарды. Ал Петропавлдың «Барс» құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізсе, шырайлы Шымқаланың баскетболшылары қола медальді қанағат тұтты. Маусым барысында үздік ойынымен ерекшеленген шымкенттік Ануар Шакиров ең үздік ойыншы атанса, Петропавлдың намысын қорғаған Максим Налогов пен Шымкент құрамасының ойыншысы Алексей Веращагин, сондай-ақ Тұранды төрге сүйреген Алымжан Мақсұтов пен Есет Жарқыловтар да әртүрлі номинация бойынша жүлде алды.