Үстел теннисінен Францияның Мец қаласында өткен халықаралық турнирде жерлесіміз Алан Құрманғалиев жеңімпаз атанды. 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында алты елдің теннисшісін қапыда қалдырған қазақ ұлы, жеңіс тұғырынан орын сайлады. Ал таеквондшыларымыз Ташкентке барды. Жерлестеріміз бірнеше елдің спортшыларымен бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.
Өткен жылы әлемнің үздік бапкері атанған Есбол Сұлтанов қазақ елінің спортшыларын баптауға бел буғанын білесіздер. Тунисті төрге шығарған жаттықтырушы енді қазақ елінің ұл-қыздарын биікке жетелесем,- дейді. Сол мақсатта ішкі біріншіліктерде өз шеберліктерімен көзге түскен балтаяқты қыз-жігіттерді іріктеп, 19 спортшыны Өзбекстан астанасына апарды. Осы елде таеквондошылар, 20-шы сәуірге дейін тер төгіп, сосын мамыр айында Қытайда өтетін «President Asian Cup» халықаралық жарысына барады. Бұл жерде үздік үштікке кіргендер Азия чемпионатына жолдама алады.
Есбол Сұлтанов, таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Бірінші сананы өзгерту керек. Ұлттық құрама спортшылары үнемі режимді ұстап, кәсіби түрде қарау керек. Өзінің жұмысы сияқты. Соны өзгертсе, дене жағынан, күш жағынан бізде кемшілік жоқ.