Мысыр астанасы Каир қаласында каратэнің WKF бағыты бойынша премьер-лига жарысы өтті. Бұл — әлем үздіктері қатысатын рейтингілік турнир.
Ел намысын 13 спортшы қорғап, қыздар арасында ең жеңіл салмақтағы Мөлдір Жаңбырбай қарсыластарына бет қаратқан жоқ. Осылайша қандасымыз жарыс жеңімпазы атанды.
Мөлдір бұған дейін Парижде өткен премьер-лигада қола, Ханджоуда күміс жүлде жеңіп алған болатын. Енді міне, шың басына шығып отыр. Тағы бір қазақ қызы Әсел Қанай 61 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге қол жеткізді. Әселдің де премьер лига жарыстарынан қоржыны бос қайтпаған. Парижде күміс, Ханджоуда қола жүлде иеленген болатын.
Аруларымыздың арқасында жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғастық. Жарыс қожайындары бірінші, ал жапондар екінші орыннан көрінді. Алда енді әлемдік премьер-лиганың соңғы, яғни төртінші кезеңі бар. Оны мамырдың аяғына қарай Марокко астанасы Рабат қаласы қабылдайды.