Бельгиялық велошабандоз Жібек жолы бойымен саяхатқа шықты

  • 45
  • 21.04.2025, 18:49

Бельгиялық велошабандоз Жібек жолы бойымен саяхатқа аттанды. Клод Брюер электрлі велосипедімен 12 мың шақырым жүрмек. Сапарын Брюссельден бастады. Әрі қарай Еуропаның бірнеше елі, Ресей, Қазақстан және Моңғолия арқылы Шанхайға жетуді жоспарлап отыр. Оны шығарып салу рәсіміне біздің түсірілім тобы да барды. 

Велосаяхатқа шығам деген идея Клод Брюердің басына былтыр келген. Қытайда оның ұлы жұмыс істейді. 3 аяқты велосипедтті ол өзі құрап шығарған. Брюер осы саяхатында біздің елдің бірнеше қаласынан өтпек.

Клод Брюер, велосаяхатшы:

- Қазақстан бойынша 1200 шақырым жүрмекпін. Омбыдан Павлодарға, сосын Семейге өтемін. Бұл Моңғолиямен шектес шығыс жақ деп түсіндім. Семейде 1 апта болмақпын. Осы уақытта досым Алматыға ұшып барады. Сол жақта туған күн мерекесін атап өтеміз. Бельгиядағы Қазақстан елшілігінен Алматы қаласындағы әдемі таулар, белгілі мәдени нысандары туралы ақпарат алдым.

Белесебет электр қуатын күннен алады. Клод Брюер саяхаты кезінде онкологиялық ауруға шалдыққан адамдарға көмектесу мақсатында қайырымдылыққа ақша жинауға ниетті. Сондай-ақ ол ойға алған іске бірден кірісу, жоспарды кейінге шегермеу туралы жұртқа насихат айпақ.

Клод Брюер, велосаяхатшы:

- Бұл классикалық үлгідегі электрлі велосипед. Бірақ оның бір артықшылығы  –  аккумуляторды қуаттайтын күн панельдері бар. 2018 жылы Еуропа бойынша 5 мың шақырымдық алғашқы сапарымды жасағанмын. Осы уақыт ішінде бірде-бір рет қуаттау құрылғысын қолданған емеспін.

Фэй Шэнчао, Қытайдың Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Клод Брюер Қазақстанда мыңнан астам шақырым жол жүрмек. Мұның бір жағынан өзіндік мәні бар. Өйткені Қытай мен Қазақстан бұрыннан жақын серіктестер. Екі елдің ынтымақтастық тарихы өте терең. Велосаяхатшы ежелгі Жібек жолымен қайтадан жүріп өтпек.

Альберто Тюркстра, саясаттанушы, Diplomatic World басылымының шолушысы:

- Бельгиядан Қытайға дейін велосипедпен жүріп өту елдердің арасындағы қарым-қатынастың жоғары әлеуетін көрсетуде тамаша бастама. Қазақстан Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған алтын көпір. Жақында Самарқанда өткен «ЕуроОдақ - Орталық Азия» саммиті Қазақстанды аймақтағы саяси және экономикалық жағынан маңызды ел екенін көрсетті.

Клод Брюер түпкі межесі Шанхайға тамыздың аяғында жетуді жоспарлап отыр. Яғни жолда 4 ай жүрмек. Бельгиялық белсенді осы сапарында табиғатты аялауға шақырып, әртүрлі елден жаңа достар табамын деп үміттенеді. 

Ернат Рахметолла, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов