Қаражал қаласындағы орталық стадионды жаңғырту ісі былтыр аяқталған. Құжаты рәсімделмегендіктен ресми ашуға рұқсат жоқ. Шағын шаһарда жүзу бассейні де салынған еді. Қос нысан ел игілігіне қашан беріледі?
Аумағы 1 мың шаршы метрден асатын жабық бассейн барлық заманауи талапқа сай салынған. Күніне 350 адамды қабылдауға қауқарлы. Құрылысқа жергілікті қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі жұмысты өткен жылы қабылдап алған. Дегенмен тұрғындар асыға күткен нысан әлі күнге ел игілігіне берілмеді.
Қаражалда есігі құлыптаулы спорт ғимараты жалғыз бассейн емес. Орталық стадион да тұрғындар үшін қолжетімсіз. Нысанды жаңғырту жұмыстары былтыр желтоқсанда аяқталған. Жаңа көгал төселіп, қосымша жабдықтармен толықтырылды. Спорттың 5 түрімен шұғылдануға болатын стадион қаңырап бос тұр. Құжаттары рәсімделмегендіктен ресми ашуға рұқсат жоқ. Себебі елде жаңадан коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын ашуға мараторий жарияланған. Сондықтан бұл нысандар осындағы бұрыннан жұмыс істеп тұрған мекеменің қарамағына берілуі тиіс.
Гүлмира Исина, Қаражал қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің басшысы:
-Бұл жұмыстардың кешеуілдеп жатқан себебі осы құжаттарды рәсімдеу себеп боп тұр. Сол құжаттарды қолымызға алғаннан кейін мәдени сауық орталығына тапсырамыз. Әрі қарай елдің игілігіне беріледі.
Жауаптылар жарты жыл бойы рәсімдей алмаған құжат таяуда тиісті органға жіберілген. «Рұқсат берілсе, маусым айына дейін қос нысанды да ашамыз»,– дейді мамандар.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева