«Жетісу» волейбол клубы Азия чемпиондар лигасынан жеңіспен оралды

  • 23
  • 30.04.2025, 19:04

«Жетісу» волейбол клубы Азия чемпиондар лигасында жеңіске жетті. Ақ допты алақанда ойнатқан волейболшы қыздар кеше елге оралды. Алматы әуежайынан жеңімпаздарды жанкүйерлер мен туған-туыстары құшақ жая қарсы алды. Өз тарихында тұңғыш рет құрлықтық доданың шыңына шыққан Жетісу енді күзде өтетін клубтар арасындағы әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды. Жеңісті тойлатып жататын уақыт жоқ. Волейболшы қыздар дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бүгін облыс әкімі Талдықорғандағы волейбол орталығына арнайы барып Азия чемпиондарын жеңістерімен құттықтап, алдағы болатын дүниежүзілік жарысқа сәттілік тіледі. Дәл осы кездесуде команданың жеңісіне үлкен үлес қосқан ойыншылар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, Мәдина Бекет пен Татьяна Никитина, Валерия Якутина мен Кристина Аниконова сондай-ақ Наталья Борисенколарға «Құрметті спорт қызметкері» төс белгісі тағылса, Перизат Нұрбергенова мен Мария Сырыгина және Зарина Мүбаракзянова спорт шебері атанды.