Ауыр атлетикадан Перу астанасы Лимада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде қазақ ұлы Бейбарыс Нұрсейіт жеңімпаз атанды. Ол жұлқа көтеруде 117 серпе көтеруде 145 келіні бағындырып, қоссайыста басты қарсыласы түрік спортшысынан 1 ұпайға озып кетті.
Ал Әбиба Абужақынова дзюдодан Grand Slam турнирінде қола жүлдеге ие болды. Ол жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық Вэньне Чжуанға жол берді. Қола медаль үшін белдесуде өзбекстандық Улбусин Хакимовамен кездесіп, қарсыласын уақытынан бұрын жеңді.
Жетісу облысы Текелі қаласында баскетболдан жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ел біріншілігі аяқталды. Жеңістің 80 жылдығына арналған жарысқа ауыл балалары да қатысуға мүмкіндік алды. Еліміздің шалғай аймақтарынан келген 70-ке жуық команда бір апта бойы шеберлік байқасып, жүлделі орындарды өз ара бөліске салды.
Жас өрендердің сайысында Сайрам командасы ешкімге дес берген жоқ. Олар финалда қостанайлықтардан басым түсті. 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Түлкібас командасы топ жарса, 12 жасқа дейінгі өрендер арасында Ұзынкөл ауданынан келген баскетболшылар ел чемпионы атанды. Ал 18 жастағы баскетболшылар сайысында Шиеліден келген жігіттер шеберлік танытып, шың басынан көрінді. Жарыстың үздік ойыншысы атанған Бағжан Жалғасұлының өнерін мамандар бас бармақпен бағалады.
Қыздар арасында белсенді ойнаған Жансая Жұмабек пен Робия Ырысдәулетов және Камила Мавланбековалар арнайы сыйлықтарға ие болса, керемет ойынымен көзге түскен Мәулен Әлиасқар мен Тамерлан Нұркешевтердің де мамандар болашағынан зор үміт күтеді.
«Жорыққа» қатысушылар жолға шықты
500 шақырымдық бәйге-марафонға қатысушылар Алматы облысын бетке алды. «Ұлы дала жорығы» биыл да халықаралық форматта өтеді. Оған 20-дан аса команда қатысады деп жоспарланып отыр. Қырғызстан, Татартсан, Башқұртстан, Қарашай-Шеркеш, Түркия, Венгрия, Иран және Оңтүстік Африка құрамалары да жолға шығыпты. Бұдан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен келетін командалар бар. Кейбірі Қонаев қаласына келіп үлгерді.
Биылғы бәсекені Алматы облысы қабылдайтынын айтқанбыз. Яғни жарыс кестесі бойынша үміткерлер тек жазықпен ғана емес, таулы-қыраттар арқылы да 500 шақырымды жүріп өтуі керек. Бәйгенің өзі 10 мамыр басталып, 5 күнге созылады. Бәйге-марафонына бір күн қалғанда жеребе тарту рәсімі өтеді және баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.
Сондай-ақ «Ұлы дала жорығы» кезінде асылтұқымды жылқылар көрмесі де ұйымдастырылады. Оған келушілер жылқы тұқымдарымен жақын танысып, жылқы шаруашылығының дамуына терең үңіледі.
Әлем біріншілігіне дайындық
Енді бір аптадан кейін шайбалы хоккейден әлем чемпионаты басталады. Биыл Қазақстан құрамасы элиталы топта ойнайды.
Олег Болякин баптайтын жігіттер қазір елордада жарыс алындағы дайындықтарын пысықтап жатыр. Бірнеше жолдастық кездесу өткізуді де жоспарлап отыр. Кеше ғана Қазақстан құрамасы Ресей командасымен кездесіп, 1:4 есебімен ұтылып қалды. Беларусия құрамасымен айдынға шығады. «Осы матчтар барысында ұлттық құрамадағы кем-кетіктерді ескеріп, шеберлікті барынша шыңдауға тырысамыз», – дейді бапкерлер.
Дүниежүзілік жарыс мамырдың 9-ы мен 25-і аралығында өтеді. Биылғы әлем біріншілігін Швеция мен Дания қабылдайды. Әлемдік аламанға ең мықты деген 16 команда қатысады. Олар екі топқа бөлінген. Қазақстан «В» тобында Норвегия мен Дания, Германия мен Венгрия, Чехия мен Швейцария және АҚШ құрамаларымен кездеседі.