Астанадағы Ботаникалық бақта студенттер мен оқушылар арасында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған жеңіл атлетикалық эстафета ұйымдастырылды. Іс-шараға спорттық дайындығы бар және алдын ала медициналық тексеруден өткен тұрғындар қатысты. Командалық жарыста барлығы 14 адамнан құралған топтар, әрқайсысы 4 мың қашықтықты еңсерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың белсенділігі мен дайындық деңгейі жоғары болған. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші, екінші және үшінші орындар 9 түрлі ұйымға бұйырды. Жеңімпаздар марапатталып, арнайы дипломдар мен медальдарға ие болды. Сарапшылар мұндай шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың дене тәрбиесіне деген жауапкершілігін күшейтеді, - дейді.
Ержігіт Өсербай, «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда 400-ден астам қатысушылар бар. Мектеп оқушылары арасында 18 мектеп өтінім білдірді. Сонымен қатар 6 колледж және 5 университет қатысуға өтінім берді. Бүгінгі шараны ұйымдастыру Астана қаласының әкімдігі, сонымен қатар Дене шынықтыру және спорт басқармасы дирекциясының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Әлихан Рақымбаев, 11-сынып оқушысы:
- Бүгінгі марафон өте керемет деңгейде өтті. Ауа райы да өте жайдарлы, ғажап болды. Әрбір жас мөлшеріндегі азаматтар, жастарымыз мотивация алып, жігер, қайрат алып, әрі қарай өзінің күнін берекелі өткізе алады.