Амангелді Сейітхановты еске алу шаралары туған жерінде өтті. Спорт жаңалықтары

  • 56
  • 13.05.2025, 18:35

Жақсының аты өшпейді

Қазақ спортының қайрағы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған шаралар өзінің туған жерінде де жалғасын тауып жатыр.

«Тау алыстаған сайын биіктейді». Теңеу сөздерімен тебірентіп, алғыр сөздерімен айызыңды қандыртын Аман ағамыз халықтың жүрегінен орын алған тұлға. Сондықтан да оның есімін ел ешқашан ұмытпайды! Ұлықтай береді! Көзі тірі болғанда, 11-ші мамырда 56 жасқа толар еді.

Туған күніне орай Алатау бөктеріндегі БАҚ өкілдерінің дүркіреген жарысынан кейін «Мақаншым мақтанышым» деп кеткен кіндік қаны тамған ауылында жас өрендер жасыл алаңға шығыпты. Болашақта Сейітханов салып кеткен сара жолды жалғастырсам дейтін ауыл балалары келісті ойындар көрсетіп, ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сый-сыйапатқа кенелді. Бас жүлде Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп оқушыларына бұйырса, Жарбұлақ орта мектебі күміс, Бақтыдан келген балалар үштікке табан тіреген.

Қыздар футболы қызып келеді

«Ақтөбе» бес турда 36 гол соқты. Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының бесінші туры мәресіне жетті.

Биылғы біріншілікті «Ақтөбе» командасы сәтті өткізіп келеді. Бес турда төрт мәрте жеңіске жетіп, бір кездесуде тең нәтижеге қанағат білдірді. Қарсыластар қақпасына 36 гол соғып, өз қақпасына небәрі 2 гол жіберіп алды. Бесінші турда олар сырт алаңда жезқазғандық «Ұлытауды» 9:0 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ көш басында келе жатқан шымкенттік «БИИК» командасы да дәл сондай есеппен семейлік «Елімайды» жеңді. Ал түркістандық «Тұран-Томирис» сырт алаңда қызылордалық «Қайсардан» 1:0 есебімен басым түсті. Енді алдағы тур ойындары 19 мамыр күні өткізіледі.