Мәдениет ауылында спорт кешені қашан ашылады?

  • 130
  • 05.06.2025, 18:42

Ақмола облысы Мәдениет ауылының тұрғындары жаңа спорт кешенінің игілігін көре алмай отыр. Өйткені нысанның аты бар да заты жоқ. Мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген спорт кешенінің құрылысына ел қазынасынан 469 млн теңге бөлінген. Бірақ әлі күнге дейін қолданысқа берілмеді. Оған не себеп?

Мәдениет ауылындағы мына спорт кешені «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған. Нысан былтыр күзде пайдалануға беріліпті. Бірақ жергілікті тұрғындардың сөзінше, әлі күнге дейін жұмыс істемейтін көрінеді. 
Спорт кешенінің құрылысы 2021 жылы басталған. Сол кезде жергілікті халық қатты қуанған. Десе де, ол қуаныш көпке созылмады. 

Күләнда Хасенова, Мәдениет ауылының тұрғыны:

-Балалар үшін, немелер үшін елден кетпей отырмыз. Ел дамыса екен деп қуанып қалып едік. Сол көпке ұзамай су сепкендей басылып қалды. 

Аманжол Кенжебаев, Мәдениет ауылының тұрғыны:

-Салынуы салынды. Бірақ аты бар да, заты жоқ болып тұр ғой. Ауылдың жастарына қазір ішіне кіріп, ойнап, жиналып, анау-мынау өткізуге рұқсат жоқ. 

Жаңа нысанда тек жастарға ғана емес, ауылдың үлкендері де спортпен шұғылданғысы келеді. Өйткені екіқабатты кешенде бірнеше спорт үйірмесі ашылуы тиіс еді.  

Әнәш Сихимова, Мәдениет ауылының тұрғыны:

-Өзіміз кәрі кісілер ешқайда баратын жеріміз жоқ. Денсаулығымызды түзеу үшін келгіміз келеді. Ішінде жаттығу жасап, денсаулығымызды түзегіміз келеді. Оған жабық тұр.

Жалпы спорт кешенінде 9 адам жұмыс істеуі керек еді. Оның ішінде жаттықтырушылар мен қарапайым қызметкерлер бар. Әзірге бірде-бір маман жұмысқа қабылданбапты. Тағы бір қызығы жаңа нысан спорт бөлімінің емес, білім бөлімінің қарауына берілген. 

Мерей Рамазан, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:

-Екі әлеуметтік нысан қатар тұрады. Жылуы бірге. Білім бөлімінің жалпы штаты бар. Екі бапкері бар. Тренерлері бар. Осы ғимараттың жұмысын үзбеу үшін сондай шешім қабылданды. 

Жергілікті билік өкілдері барлық мәселе алдағы екі айда шешілетіндігіне сендірді. Бірақ жергілікті тұрғындар шенеуніктің сөзіне сенер-сенбесін білмейді. Бірақ күткеннен басқа амал жоқ. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко