Балалар футболын дамытпай, ел футболының көсегесі көгермейді.
Еліміздің шалғай аймақтарында жас өрендердің жарысы жиі өтіп тұрады. Бірақ басы-қасында жүрген бапкерлерді көрмейсің.
Мысалы, кеше ғана Алматы облысы, Өтеген батыр кентінде оқушылар арасында облыстық жарыс өтті. Турнирге 20 команда қатысқан. 11–12 жастағы балалардың аяқ алысы тәуір. Келісті ойын көрсетіп, көрермендердің айызын қандырған. Өкінішке қарай соларды тәрбиелеп алға қарай жетелейтін жетекшілері жоқ. Осылайша жеткіншектер жазғы демалыста біркүндік жарыспен ғана шектеліп жатады.
Ал турнирге келер болсақ, Талғар қаласынан келген команда топ жарыпты. Ұйымдастырушылар жас өрендердің меселін қайтармай, қомақты сыйақы үлестіріп, жеңімпаздарға арнайы кубок, спорттық киімдер табыстаған. «Ауыл жастарының бойындағы қабілетті ашып, дамыту маңызды. Өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеп, салауатты өмір салтына баулу — біздің міндет», - дейді жарысты ұйымдастырушылар.
Нұрлан Түймелиев, жарысты ұйымдастырушы:
- Бірінші мақсатымыз — осы жас буынды, біздің қазақ елінің азаматтарын осы спортпен тәрбиелеу және де жақсы оқытып, мықты азамат қылып шығару.