2027 жылы үстел теннисінен әлем чемпионаты Астанада өтеді. Мұндай тарихи шешім Халықаралық үстел теннисі федерациясының Бас ассамблеясының отырысында қабылданған еді. Бұл соңғы жылдары елімізде осы спорт түрінің кең қанат жайып келе жатқандығын айғақтайды. Спортшылардың жаңа буыны қазірдің өзінде көпшіліктің қызығушылығын арттырып отыр. Бұл ойынның көшбасшылары кімдер? Үстел теннисінде бірінші кезекте нені ескерген жөн?
28 жастағы Кирилл Герасименко ұлттық құраманың көшбасшысы. Әлемдік рейтинг бойынша Халықаралық үстел теннисі федерациясының үздік 50 ойыншысы қатарына енген алғашқы қазақстандық теннисші. Ол халықаралық және республикалық деңгейдегі көптеген жарыстарда топ жарған. Оның шеберлігі мен шапшаңдығы жас теннисшілерге үлгі болып отыр.
Темірлан Ескендіров, ҚР Үстел теннисі федерациясының спорт директоры:
- Ол үш рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Бұл Рио, Токио, Парижде өткен Олимпиада. Қазақстанның жеті дүркін чемпионы және АҚШ, Испания Австрия, Польшадағы халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері. Бүкіл әлемде ойнайды. Менің ойымша, Кириллдің жетістіктері үстел теннисін ұнататаындар үшін үлкен шабыт береді.
Жаңа буынның тағы бір жарқын өкілі Алан Құрманғалиев. 18 жасында ол кадеттер арасында екі рет Азия чемпионы атанды және болашағынан әлі де зор үміт күтетін ойыншылардың бірі.
- Ол небәрі 18 жаста және халықаралық аренада биік белестерге жетті. Алан Қазақстан Республикасындағы алғашқы әлем чемпионы. Бұл атақты 2022 жылы Тунисте жастар арасындағы әлем чемпионатында аралас жұп жарысында жеңіп алды. Ол ересектер арасындағы әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін қатысушысы. Сондай-ақ жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қазір 19 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемдік рейтингте бесінші орында тұр.
Бұл салада нәзік жандылар да дес беремейді. Бүгінде Зәуреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова, Анастасия Лаврова есімдері Азия чемпионаттары мен Халықаралық үстел теннисі федеарциясында жиі айтылады. 2023 жылы әйелдер құрамасы Азия чемпионатының командалық ойынында 5-ші орынға ие болды. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш.
Мунира Мейрам, ойыншы:
- Қыздардың ішінен маған Гузель Торшаева ұнайды. Оның өмір тарихына қарасам, толқып кетем. Кәсіби жолын Ақтаудағы үстел теннисінің кішкентай орталығынан бастап, бүгінде табысты тұлғаға айналды. Гузельдің табандылығы мен тәртібі маған қанат бітіреді.
Үстел теннисі бүгінде елімізде де танымал спортқа айналды. Құрама команданың тұрақты нәтижелері мен халықаралық аренадағы спортшыларымыздың жетістіктері арқасында тенниске қызығушылық артып келеді.
Елімізде көптеген мамандандырылған секциялар жұмыс істейді, өңірлерде де жаңа залдар ашылуда. Федерация балалар мен жасөспірімдер арасындағы үстел теннисін дамытуда, ал турнирлер онлайн режимде де көрсетіліп жүр. Бұл жылдам шешім қабылдап, жедел қимылдауға тәрбиелейтін теннис ойындарының қарқын алып келе жатқанын білдірсе керек.
Құралай Жұмахан, Зарина Құсанова, Руслан Тәуірше