Астанада әскерилер арасында қазақ күресінен әлем біріншілігі өтеді. Спорт жаңалықтары

  • 49
  • 01.08.2025, 18:59

Тамыздың 14-і мен 15-і күндері Астанада қазақ күресінен әскерилер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Тұңғыш рет CISM туы астында ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік жарысқа әлемнің 30-ға жуық елінен 200-ден аса үміткер келеді деп жоспарланып отыр. Осынау байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер дәл қазіргі уақытта Шымкент қаласында дайындық жұмыстарын пысықтап жатыр. Палуандар әлем чемпионатында 8 салмақта сынға түседі. Бапкерлер сенім артқан спортшылардың осалы жоқ. Әскери міндетімен қоса спортты қатар алып жүрген Бекжан Төлепов пен Ернұр Сүлеймен, Әшім Сағындық пен Жұмажан Қожанбеков және Нұрдәулет Бақтыбайұлы мен Айдар Бескемпір сондай-ақ Айбек Ізтілеуов пен ауыр салмақтағы Ғалымжан Қырықбайлар намысты қолдан бермейміз деп отыр. Қыздар арасында Айжан Жылқыбаева мен Сағат Байғараева, Рауза Нұрмұхамметова мен Бақыт Құсақбаева, Зарина Сарипова мен Роза Нысантайқызы, сондай-ақ тәжірибелі Зәмзәгүл Файзолланова мен Ақерке Рамазхановалар боз кілемге шығады. 

Бангкокта Азия чемпионаты басталды

Таиланд астанасы Бангкок қаласында жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты басталды. Жарыс шымылдығын бүгін 19 жасқа дейінгі қыздар ашты. 48 келіде Диана Серікбаева кореялық Енжи Кимге бас көтерткен жоқ. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтатуға мәжбүр болды. Артынша 51 келіде Айым Таңқыбаева вьетнамдық қарсыласын айқын басымдықпен ұтса, 54 келіде Жанель Имантаева өзбек қызын жолдан тайдырды. 57 келіде Аяжан Ермек жапониялық қарсыласынан басым түсті. Осылайша жарыстың бастамасы жаман емес. Аяғы да сәтті болсын дейміз.