Грекия астанасы Афина қаласында күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Жарысты еркін күрес шеберлері қортындылаған болатын. Қазақ палуандарына үш қола медаль бұйырды. 60 келіде Бекасыл Асамбек, 51 келіде Даниель Әбілқасым және 80 келіде Дінмұхаммед Қасымбектер үшінші орынға табан тіреді.
Қазақ елінің әскери спортшылары Мәскеуді бетке алды. Тамыздың 4-і мен 10-ы аралығында Ресей астанасында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қарулы күштері арасындағы әскери спорттық ойындары өтеді. Осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі жарыс биыл Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр. Осынау байрақты бәсекеде қазақ армиясы қоян-қолтық ұрыс пен штаттық қарудан нысана көздеу, офицерлік үшсайыс пен кір тасын көтеру, сондай-ақ самбо спортынан сынға түседі.
ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов үлкен жарыс алдында ел намысын қорғайтын спортшыларды қабылдап, Мемлекеттік Туды ұлттық құрама капитаны мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Санжар Нұрсейітовке салтанатты түрде табыс етті. «Әскери-спорттық ойындар – бұл күш-жігерді, төзімділік пен шеберлікті ғана емес, сондай-ақ жауынгерлік рухты, тәртіпті және Отанды қорғауға дайындықты көрсетудің айқын жолы», – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Самбошылар сақадай сай
Қазақстандық әскери қызметшілердің спорттық дайындығы әрдайым жоғары деңгейде екені рас. Бір ғана мысал, Армия орталық спорт клубының қыз-жігіттері 2024 жылы халықаралық аренада 463 медаль жеңіп алса, 10 спорт түрінен 21 олимпиадалық жолдамана иеленген еді. Париж ойындарында Қазақстан қоржынына түскен жеті медальдің төртеуін әскери спортшылардың әкелгенін де тілге тиек етсек болады.
Мәскеуде өтетін әскери спорттық ойындарға қазақ самбошылары да жан-жақты дайындық жүргізді. Асқар Жотабаев жаттықтырған жігіттер арасында Бибарыс Нұғыман мен Жалғас Серіков, Арнұр Қуатай мен Есентай Имаханов, Айдын Нуридинов пен Әділ Оразбаев секілді тәжірибелі спортшылар бар. Нағыз бабына келген жігіттердің бағы жанса, самбошыларымыз олжалы оралады деген үміт басым.