Астаналық параспортшы рекорд жаңартты

  • 10
  • 05.08.2025, 19:03

Астаналық параспортшы Балқаш көлін тоқтамастан жүзіп өтіп, 13 сағатта 20 шақырым бағындырды. Спортшының ендігі мақсаты қандай?  

27 жастағы Ақназар Мүтәліпов мектеп бітірген соң теміржол саласында жұмыс істей бастайды. 2018 жылы өндірістік жарақат алып, мүгедектікке тап болады. Осыдан кейін ол Балқаштың жағасына жиі баратын болды. Суда өзін еркін сезінетінін білген соң параспортты таңдап, кәсіби жаттықтырушымен бірге дайындыққа кіріскен.

Ақназар Мүтәліпов, параспортшы:

-Параспортпен 2023 жылдан бері айналысып келем. 2023 жылы отырып ойнау волейболмен бастадым. Одан кейін ол жерде қатты нәтиже болмағаннан кейін 2024 жылдың басында паражүзуге келдім. Жүзуді бала кезімнен жақсы көретінмін, суды жақсы көремін. Жүзу өте пайдалы спорт, біріншіден. Екіншіден, жүзгенде адамның жұмыста стрессі болсын, бәрі кетіп қалады. Тренировкадан кейін жеңіл күйде шығасыз. 

Ақназар 2024 жылдың наурыз айында Таразда өткен жарыста 400 метрге жүзуден бірінші орын иеленді. Бұдан соң ол Бурабай көлін жүзіп өтуді мақсат етеді. Сөйтіп 2,5 шақырымды 1 сағатта еңсерді. Ал биылғы жылдың 8 шілдесінде Балқаш көлінде 20 шақырымды 13 сағатта тоқтаусыз жүзіп өтіп, рекорд орнатты. Айтуынша, бұл оңай берілген жеңіс емес.  

Ақназар Мүтәліпов, параспортшы:

-Әрине, 20 км жүзіп өту қиын болды. 1 жылдай уақыт дайындалдым. Ендігі мақсат – осы рекордты рекордтар кітабына тіркеу. Гиннестің рекордтар кітабына запроспен қағаз жазып жібердім. Ол шамамен 3 айдай уақыт қаралады. 

Суда жүзуді өмірлік салтына айналдырған Ақназардың арман-мақсаты көп. Соның бірі – әлемдік жарыстарда бағын сынап, олимпиада чемпионы атану. 

Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков