Алматы облысында «Qonaev Cup – 2025» халықаралық шахмат турнирі басталды. Аталған жарысқа әлемнің 16 елінен 260-тан астам шахматшы қатысып жатыр. Он күнге созылатын сайыс Masters, Challengers және Open санаттары бойынша швейцарлық жүйемен өтеді. Классикалық турнирдің Masters санатында 62 спортшы бақ сынайды. Оның ішінде 21 гроссмейстер, 24 халықаралық деңгейдегі ойыншы және 2 әйелдер гроссмейстері бар. Халықаралық турнирде 6 жастан 70 жасқа дейінгі шахмат шеберлері өнер көрсетеді. «Qonaev Cup» турнирі 2021 жылдан бері Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен тұрақты ұйымдастырылып келеді. Зияткерлік сайыста 30-дан астам жүлде сарапқа салынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 12 тамызда өтеді.
Алматы облысындағы «Балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілері енді каратэмен айналысады. Жаңадан ашылған орталықта шығыс жекпе-жегінің үйірмесі ашылатын болды. «Ұлттық Республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясының» өкілдері мен чемпион спортшылар балалармен кездесу барысында осындай ұсыныс жасады. Балдырғандар бос уақытын смартфонмен өткізбей, аптасына бір рет болса да спортзалда шыныққандары абзал. Кездесудің мақсаты - жеткіншектерді спортқа баулу, рухын көтеру және салауатты өмір салтын насихаттау. Спортшылар қорғану техникасын, күрделі әдістер мен ағаш сындыру элементтерін көрсетті. Федерация балаларға бағалы сыйлықтар табыстап, тұрақты жаттығу өткізуді де ұсынды. 180 орынға арналған қолдау орталығында қазір 30 бала тәрбиеленіп жатыр. Енді мұндағы балалардың дамуы үшін танымдық және спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Бауыржан Айнабеков, Ұлттық Республикалық Киокушинкай-кан Каратэ федерациясының Алматы облысы бойынша президенті:
-Біздің мақсатымыз сол ғой, балаларға болашағын көрсету. Қазір бұл балаларда болашақ болса, ертеңгі күндері ашық болады, сол болашақтарына жете береді. Менің алып келген балаларым чемпиондар, шетелде де болған. Сол сияқты мына кішкентай балалар сол жерге баратын болса, нұр үстіне нұр болады.
«Арлан» ФК Португалиядан оралды. Астанада «Арлан» балалар футбол клубы бар. Аяқдоптың әліппесін енді ғана меңгеріп жатқан өрендер түрлі жарыстарға қатысып тәжірибелерін толықтырып, шеберліктерін шыңдап жүрген жайы бар. Арландар жақында ғана Португалиядан оралды. Лиссабонда өткен IberCup аталған жарысқа Қазақ елінің командасы да шақырту алып әлемнің әр бұрышынан келген командалармен жасыл алаңда жолықты. Жалпы «Арлан» футбол клубының Португалия футболымен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеп келе жатқанына биыл 10 жыл. Қазіргі таңда Арланның 4 түлегі Португалияның түрлі деңгейдегі академияларында білім алып жатыр. IberCup турнирі аясында жерлестеріміз Португалияның тағы 2 футбол академиясымен әріптестік келісімшартқа қол жеткізді.