Бангкокте бокстан Азия біріншілігі жалғасып жатыр. Спорт жаңалықтары

  • 13
  • 06.08.2025, 19:00

Таиланд астанасы Бангкокте бокстан Азия біріншілігігі жалғасып жатыр. 22 жасқа дейінгі жігіттер жартылай финалдық кездесулерін өткізді. Шаршы алаңға шыққан бес боксшымыз да жеңіске жетіп финалға жолдама алды. Атап айтсақ, 60 келіде Нұрислам Қалдыбаев, 65 келіде Илья Калинин, 70 келіде Нұрбек Мұрсал, 80 келіде Санжарәлі Бегалиев 90-да Темірлан Мұқатаевтар енді Азияның алтыны үшін айқасады. Барлығының қарсыластары өзбек боксшылары. Финал 11 тамыз күні өтеді. 

Құралайды көзге атқан мергендер Шымкент қаласында бас қосады. Құрлық мықтылары спорттық ату түрлерінен Азия біріншілігінің жүлделерін сарапқа салады. Бұл сынға 29 елден 800-ге жуық сұрмерген қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс 2 олимпиадалық бағыт бойынша болады. Яғни ашық аспан астында стенд ату және жабық спорт кешеніндегі нысана көздеу сайыстары бойынша. 3 бірдей жас деңгейі қамтылған. Жасөспірімдер мен жастар және ересектер өзара кім мықтыны анықтайды. Ал сарапқа салынатын медальдар саны 700-ге жуық. Қазір Шымкент төріндегі Shooting Plaza спорт кешенінде мергендер дайындықтарын пысықтап жатыр. Азия чемпионаты 16 тамызда басталып, 30 тамызға дейін жалғасады.

Жандос Айтбай