Астанада тұңғыш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді

  • 10
  • 07.08.2025, 18:38

Санаулы күндерден кейін Астанада әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты басталады. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додада ел намысын қорғайтын құрама команданың палуандары қызу дайындық үстінде. 

Қазақ күресінен әскерилердің құрама командасы бұған дейін Шымкент қаласындағы «Алматау» спорт базасында жаттыққан болатын. Әлем чемпионатына дайындықтың соңғы кезеңі Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубында өтуде. Білекті жігіттер мен жүректі қыздар: «бозкілемде барымызды саламыз», - деп отыр.

Жұмажан Қожамбеков, қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы, қатардағы жауынгер:

- Дайындық өте жоғары деңгейде. Бұйырса, көк туымызды көкте желбіретеміз деп ойлаймыз. Намысқа тырысамыз. Өзіміздің елімізде, жерімізде болып жатқаннан кейін намысты қолдан бермей, жақсы күресіп шығуға ниеттіміз. 

Әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты тұңғыш рет өтеді. Байрақты бәсекені Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) қолдап отыр. Жарысты ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Qazaq Kuresi қауымдастығы ұйымдастыруда. Палуандар сегіз салмақ дәрежесінде белдеседі. 

Рауза Нұрмаханбетова, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы:

- 56 килограм салмақ дәрежесінде күресемін. Соңғы жаттығуларымыз қалды. Осы жаттығуларды пысықтап, салмағымызды реттеп, жарысқа дайындалудамыз. 

Халықаралық жарысқа Қазақстан атынан қатысу үшін 16 спортшы іріктеліп алынған. Олар Қазақстан Қарулы күштері мен Мемлекеттік күзет қызметінің құрамындағы тәжірибелі қыз-жігіттер. Қай-қайсысы да алтыннан үмітті.

Асан Мәмбетқұлов, қазақ күресінен ҚР Қарулы күштері құрама командасының бас бапкері:

- Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген спорт шебері, үш дүркін әлем чемпионы Қожамбеков Жұмажан деген қатардағы жауынгер. Бекжан Төлепов деген екі дүркін әлем чемпионы. Қазақстан барысы Қырықбай Ғалымжан, Бескемпір Айдар деген секілді тәжірибелі, атақты спортшыларымыз ел намысын қорғайды. 

Әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты 14-15 тамыз күндері Астанадағы  Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өтеді. Оған әлемнің 30-дан аса елінен әскери салада қызмет етіп жүрген 200-ге жуық палуан қатысады. 

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев