Қытайдың Чэнду қаласында XII Дүниежүзілік ойындары басталды. Осынау дүбірлі доданың бірінші жарыс күнінде қаратэші Мөлдір Жаңбырбай күмістен алқа тақты. Жерлесіміз алдымен 21 жасқа дейінгі әлем чемпионы алжирлік Силия Уикенді 4:0 есебімен жеңсе, артынша 2022 жылғы Дүниежүзілік ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері Йоргелис Салазардың осал тұсын тапқан болатын. Жартылай финалда 2 дүркін Еуропа чемпионы Хорват қызы Ема Сгарделлиден басым түсті. Өкінішке қарай финалда Иран спортшысы Сара Бахманиерге жол беріп, күмісті қанағат тұтты. Енді ертең жарыс жолына Софья Берульцева мен Әсел Қанай және Нұрқанат Әжіқановтар шығады.