«Kazakhstan Open»: Қазақстан құрамасы топ жарды

  • 1041
  • 18.08.2025, 18:38

Астанада таеквондодан «Kazakhstan Open» халықаралық жарысы өтті. Бұл жәй ғана жарыс емес, спортшыларға әлемдік рейтингіде ұпай беретін, жаңа ереже мен жаңа технологияларды қамтыған дүниежүзілік дүбірлі дода болатын. Бұл сынға әлемнің бірнеше елінен және еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден аса үміткер қатысты. 

Өткен аптада елордада таеквондодан айтулы жарыс өтті. «Kazakhstan Open» халықаралық турнирі бұрын-сонды дәл осылай жоғары деңгейде ұйымдастырылған емес. Жастар мен жасөсіпірімдер және ересектер арасында үш күнге созылған байрақты бәсекеге бабы келген балтаяқтылардың бәрі қатысты. Халықаралық таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоның өзіде арнайы келіп турнирдің басы-қасында болды.

Чунгвон Чо, Халықаралық таеквондо федерациясының президенті:

- «Kazakhstan Open» жарысына бірінші келіп отырмын. Өте керемет әсер алдым. Жалпы Қазақстанда таеквондо күшті қарқынмен дамып келеді. Осы бағытынан жаңылмаса, әлі талай Қазақ елінен Азия мен Олимпиада чемпиондары шығарына менің сенімім мол.

Бұл жарыстың басты ерекшелігі – үміткерлер әлемдік жарыстарда енді ғана қолданылатын жаңа татамиде және жаңа электронды қондырғылар орнатылған шлемдерді киіп шықты. Яғни Қазақстан федерациясының басшылары алдағы болатын байрақты бәсекелерге дайындықты осы күннен бастап кетті. 

Құдірет Шамиев, ҚР Таеквондо федерациясының президенті:

- Қазақстандағы таеквондоны дамыту, жаһандандыру. Басқа жағынан таныту. Одан бөлек біздің үшжылдық жоспарымыз бар. Бірінші «Kazakhstan Open» жарысынан бастадық. Келесі жылы гран-придің финалын өткіземіз.Одан арғы жылы 27-ші жылғы әлем чемпионатын қабылдау өтініш беріп жатырмыз. Қазақстан Оупенде еліміздің бүкіл мүмкіншілігін көрсету арқылы үлкен шараларды қабылдай алатынымызды және жоғары деңгейде өткізе алатынымызды әлемге паш еткіміз келді.

Тарихыңды танып білмей, болашағыңды бағамдай алмайсың. Қазақ еліне таеквондо туын тіккен Мұстафа Өзтүрік пен оның төл шәкірттерін федерация басшылары ешқашан естен шығарған емес. Осы жолы да Мұстафа Өзтүрік қызы Неслихан Өзтүрікті де жарысқа арнайы алдырып, сый-құрмет көрсетті. Таеквондо тарланбозы Мұстафаның жан досы Бексейіт Түлкиевті де білмейтіндер кемде-кем. Әке жолын жалғастырып жүрген Ерсұңар да осы күндері ел спортының дамуына елеулі үлес қосып жүр.

Ерсұңқар Түлкиев, Алматы қаласы таеквондо федерациясының вице-президенті:

- Әкем Бексейіт және Мұстафа ағамыздың арманы ғой. Біз өзіміз кішкентайымыздан таеквондода әкеміздің қасында жүрдік. Таеквондо жүргемізде. Сондықтан әрқашан таеквондо үшін уайымдап жүреміз. Сондықтан біз бүгінгі таңда осындай керемет жарыстарды ұйымдастырып жатқанына қуаныштымыз.

Үш күндік жарыс қортындысы бойынша жалпы командалық есепте барлық жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан құрамасы топ жарды.

Стендап Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Алда әлі биік белестер бар. Осы жарыста топ жарған балғын таеквондошылар, ересек таеквондошылар және жас спортшылар алдағы болатын жауапты жарыстырға жан-жақты дайындықтарын бастамақ.

Жандос Айтбайұлы